Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары аясында өңірдегі Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізді. Іс-шараға облыстық, жергілікті және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері қатысты. Жиынның басты назарында әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамыту, әлеуметтік әріптестікті нығайту және кәсіподақ қызметінің тиімділігін арттыру мәселелері болды.

Отырысты ашқан ҚРКФ басшысы облыстағы кәсіподақ қауымдастығының ауызбіршілігі мен белсенділігін жоғары бағалады.
«Мұнда нағыз кәсіподақ рухы — бірлік, ынтымақ және өзара қолдау рухы сезіледі», — деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Сонымен қатар, ол құбылмалы еңбек нарығы жағдайында кәсіподақ жұмысын заман талабына сай өзгерту қажеттігіне тоқталды. Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы кәсіподақ қауымдастығының алдында тұрған маңызды міндеттерді атап көрсетті.
« Бүгін мен мәселенің басқа қырына — біздің қалай алға жылжитынымызға және жаңа жағдайда жұмысты қалай ұйымдастыратынымызға тоқталғым келеді. Әлем, әсіресе еңбек нарығы өте жылдам өзгеріп жатыр. Кәсіподақ қозғалысында да үлкен бетбұрыстар орын алуда. Біз мынаны анық түсінуіміз керек: кәсіподақ дегеніміз тек кабинетте отыру, ресми жиналыс өткізу немесе мереке тойлау емес. Бүгінгі таңда кәсіподақ — еңбек адамын нақты қорғайтын пәрменді құрал болуы тиіс», — деді ол.
ҚРКФ Төрағасының айтуынша, басты бағдар — жұмыскерлерге тиетін нақты пайда болуы керек.

«Сондықтан бізге жұмысты қайта құру қажет. Біріншіден, жұмысты құрылымнан емес, адамдардан — олардың мұң-мұқтажы мен қажеттіліктерінен бастау керек. Халық қазір құр сөзге емес, нәтижеге сенеді. Шешілген бір мәселе ондаған іс-шарадан әлдеқайда маңызды. Қазіргі уақыт шынайылықты талап етеді. Кәсіподақ қозғалысы өзінің қаншалықты пайдалы екендігіне сын тапсырып жатыр. Бұл тек бізде емес — бүкіл әлемдік үрдіс. Көп есеп беріп, жиын өткізгендер емес, адамдарға дәл осы жерде және нақты істермен көмектескендер ұтады. Екіншіден — жылдам әрекет ету. Қазіргі заман адамы өте жылдам қарқында өмір сүреді. Егер кәсіподақ бір аптадан кейін жауап берсе — ол ұтылды деген сөз. Байланыстың жедел арналары: чаттар, жедел желілер, шұғыл кері байланыс қажет. Біз бірден үн қатуымыз керек. Үшіншіден — кәсіподақтың бағдар беруші рөлі. Әлем күрделеніп барады. Жұмыспен қамтудың жаңа түрлері, цифрлық платформалар, заңнамадағы өзгерістер пайда болуда. Адамдарға осы жағдайларды түсіну үшін көмек керек. Кәсіподақ түсіндіруі, қауіп-қатерлерді ескертуі, еңбек адамына жол көрсетуі тиіс. Төртіншіден — формализмнен арылу. Жұмыстың тек «есеп үшін» атқарылып жатқанын адамдар бірден сезеді. Басшыларға халыққа жақын болу маңызды: кәсіпорындарға барып, тікелей тілдесу керек. Басшының өзі келіп араласуы кез келген есептен әлдеқайда жоғары нәтиже береді. Бесіншіден — жастармен жұмыс. Жастарды кәсіподаққа мүше болуға жай ғана шақыру нәтиже бермейді. Жастар бұл істің мәнін көргенде ғана келеді. Оларға тек «тізімдегі орынды» емес, нақты рөл, нақты жобалар, шешім қабылдауға ықпал ету мүмкіндігін және заманауи құралдарды ұсыну керек. Алтыншыдан — цифрландыру. Бұл тек «әдемі сайттар» емес, нақты жұмыс істейтін құралдар: өтініш беру, кеңес алу, құқықтардың сақталуын тексеру. Біз жұмыстың ашықтығын, жылдамдығын және тиімділігін қамтамасыз ететін цифрлық жүйе құруымыз керек», — деп баса айтты Сатыбалды Дәулеталин.

Сондай-ақ ҚРКФ басшысы жасанды интеллекттің енгізілуі сияқты жаңа сын-қатерлерге дайын болу маңыздылығын атап өтті. Ол Кәсіподақтар федерациясы Жасанды интеллект дәуірінде жұмыскерлердің құқықтарын қорғау стандартын әзірлеп, енгізіп жатқанын еске салды.
«Біз жасанды интеллект дәуірінде жұмыскерлердің құқықтарын қорғау стандартын әзірледік. Ендігі кезектегі міндет — осы нормаларды ұжымдық шарттарға енгізу. Мүмкін, кейбіреулерге бұл мәселе әлі ерте болып көрінер. Бірақ бұл кезең біз ойлағаннан да тез келеді. Жақын арада жасанды интеллект барлық салада кеңінен қолданыла бастайды. Сондықтан жұмыскерлердің құқығын алдын ала қорғап, адам тағдырына тікелей әсер ететін шешімдердің тек алгоритмдер арқылы қабылдануына жол бермеу — өте маңызды. Адам тағдырын адам шешуі тиіс — бұл біз үшін маңызды мәселе. Осы мақсатта біз тиісті нормаларды салалық, өңірлік және бас келісімдерде бекітуіміз қажет», — деп Сатыбалды Дәулеталин әріптестеріне жаңа міндеттер жүктеді.

Оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағы облыстық ұйымының төрайымы Гүлбарам Наурызбаева саладағы кәсіподақ қызметін цифрландыру тәжірибесімен бөлісті.
«Біз бір орында тұрған жоқпыз — цифрлық шешімдерді енгізіп, ғылыммен ынтымақтастықты дамытып, кәсіподақтың жаңа бейнесін қалыптастырудамыз. Еңбек адамына нақты көмек көрсету біздің басты міндетіміз болып қала бермек. Бүгінде әрбір кәсіподақ мүшесі мобильді қосымша немесе Telegram-бот арқылы жүгініп, 24 сағат ішінде жауап ала алады», — деп атап өтті ол.
Жиынды қорытындылай келе, Сатыбалды Дәулеталин бүгінде кәсіподақ қозғалысының трансформация кезеңінен өтіп жатқанын айтты.
«Кәсіподақтарға сенімді серіктестер қажет. Жалғыз дара нәтижеге жету мүмкін емес. Бізге сарапшылармен, заңгерлермен, ғылыми қауымдастықпен, халықаралық ұйымдармен, тіпті жұмыс берушілермен де тығыз іс-қимыл орнату қажет. Мұнда тепе-теңдікті сақтай білудің маңызы зор: қажет тұста өз ұстанымымызды нық қорғап, ал кей сәттерде ортақ мәмілеге келе білуіміз керек. Ең басты құндылық — сенім. Сенімге ие болу қиын, бірақ одан айырылу өте оңай. Сондықтан құр уәдеден гөрі, нақты іске басымдық бергеніміз абзал. Халық тек нақты іске сенеді. Кәсіподақтардың бүгінгі дамуы — құрғақ құрылымдық өзгерістер емес, бұл — тиімділік, жеделдік, шынайылық және халыққа жақын болу деген сөз», — деп түйіндеді ол.

Павлодар облысы Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі Үйлестіру кеңесі отырысының қорытындысы бойынша, қатысушылар айқындалған басымдықтардың өңірдегі кәсіподақ қозғалысын одан әрі дамытуға және жұмыскерлердің құқығын қорғаудағы ұйым рөлін арттыруға негіз болатынын атап өтті.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
