Кәсіподақ көшбасшысы мектебі: цифрлық технологияларды меңгеру жолдары таныстырылды

Жұма, 17 сәуірде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» жобасы аясында «Кәсіподақ жұмысындағы жасанды интеллект: жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында кезекті онлайн-семинар өтті.

Бұл сабақ кәсіподақ мамандарына заманауи технологияларды қолдануды үйрету және сол арқылы жұмысшылардың құқығын қорғау сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Семинарды ҚРКФ білім беру жобаларының үйлестірушісі әрі Кәсіподақтық коммуникация орталығы директорының орынбасары Ляззат Есжанова ашып, цифрландыру дәуірінде бұл білімнің әрбір маманға қажет екенін атап өтті.

«Қазіргі уақытта кәсіподақ көшбасшылары цифрлық құралдарды жетік меңгеруі тиіс. Жасанды интеллект жұмысшылардың арыздарын талдауға, құжаттар дайындауға және адамдармен байланыс орнатуға жұмсалатын уақытты үнемдейді. Бұл біздің жұмысымызды әлдеқайда жедел әрі сапалы етеді», – деді Ляззат Есжанова.

Семинардың негізгі баяндамашысы, ҚРКФ Цифрлық технологиялар департаментінің бас сарапшысы Әділет Қадірқұл қатысушыларға жасанды интеллектті күнделікті жұмыста қалай пайдалану керектігін көрсетті.

Спикер кәсіподақ мамандарына көмекші бола алатын бағдарламаларды таныстырды: ChatGPT (OpenAI) — түрлі мәтіндер жазу, жаңа идеялар жинақтау және сұрақтарға жылдам жауап алу үшін; Claude (Anthropic) — көлемді құжаттарды, мысалы, еңбек шарттарын мұқият оқып шығып, оның заңға сай екенін тексеру үшін; Gemini (Google) — интернеттегі соңғы жаңалықтар мен ақпараттарды нақты уақытта бақылап отыру үшін қолданылады.

Әділет Қадірқұл технологияны пайдалану кезіндегі қауіпсіздік мәселелеріне де тоқталды. Ол қатысушыларға «Құқықтық тәуекелдер кестесін» түсіндіріп берді. Бұл кесте бойынша ЖИ-ге қандай тапсырмаларды сеніп тапсыруға болатыны және не нәрсеге тыйым салынғаны көрсетілген.

Спикердің айтуынша, технологияны меңгеру — кәсіподақ үшін үлкен мүмкіндік.

«Бүгінгі таңда жасанды интеллекттің не екенін білу аз, оны іс жүзінде қолдана білу керек. Хаттарға жауап жазуда, еңбек мәселелерін талдауда бұл таптырмас көмекші. Ең бастысы, ЖИ-ге тапсырманы дұрыс беруді үйрену керек. Бұл біздің дәлдігіміз бен жеделдігімізді арттырады», – деді Әділет Қадірқұл.

Сонымен қатар, ол «Жасанды интеллект туралы» ҚР Заңының талаптарын еске салды. Заңға сәйкес, ЖИ жасаған кез келген ақпарат міндетті түрде таңбалануы керек, ал соңғы шешімді әрқашан адам қабылдауы тиіс.

Семинардың соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, спикерден нақты жауаптар алды. Әділет Қадірқұл цифрлық шешімдерді нақты мысалдармен көрсетіп, қатысушыларға жаңа технологияларды жұмыста қалай тиімді қолдануға болатынын түсіндірді.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы