Құқықтық сауаттылық – еңбек қауіпсіздігінің кепілі

Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының өкілдері Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің ұжымымен кездесу өткізіп, еңбек қатынастарына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.


Іс-шара аясында «Еңбек даулары, олардың туындау себептері және келісім комиссиясында қарау тәртібі. Ұжымдық шарт. Еңбек қауіпсіздігі – басты мүдде» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Семинардың негізгі мақсаты – қызметкерлердің құқықтық білімін жетілдіру, еңбек заңнамасының талаптарын түсіндіру және ұжымдық келісімдердің маңызын көрсету болды.
Кездесу барысында кәсіподақ мамандары еңбек және әлеуметтік құқықтарды қорғау жолдарын түсіндіріп, еңбек дауларының пайда болу себептеріне тоқталды. Сонымен қатар келісім комиссиясының жұмыс істеу тәртібі, еңбек заңнамасын тәжірибеде қолдану ерекшеліктері және келіссөз жүргізу мәдениеті сөз болды. Дауларды ушықтырмай, өзара түсіністік арқылы шешу тәсілдері де кеңінен талқыланды.


Кәсіподақ заңгерлері ұжымдық шарттың орындалу барысына назар аударып, еңбекақы төлеу жүйесі, үстемеақы мен түрлі жәрдемақыларды есептеу тәртібі жөнінде түсіндірме берді. Бұдан бөлек, кәсіподақ мамандары жұмыс беруші мен қызметкерлердің құқықтары мен міндеттері, әлеуметтік кепілдіктер және кәсіподақ қызметінің бағыттары туралы жан-жақты түсіндірді. Ұжым мүшелері өз сұрақтарын қойып, нақты жағдайлар бойынша кеңес алды.


Іс-шарадан кейін кәсіподақ өкілдері мекемеде қоғамдық бақылау жүргізіп, еңбек қатынастарына қатысты құжаттарды зерделеді. Нәтижесінде құжаттардың заң талаптарына сәйкестігі қарастырылып, әдістемелік ұсыныстар берілді.
Жалпы, бұл кездесу ұжым үшін пайдалы ақпарат алмасу алаңына айналып, еңбек қатынастары саласындағы құқықтық сауаттылықты арттыруға және жұмыс барысында туындайтын мәселелерді тиімді шешуге ықпал етті.
Айта кету керек, Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің ұжымы жуырда облыстық кәсіподақ құрамына қосылды. Соның нәтижесінде ұжым мүшелерінің құқықтарын қорғау жұмысы жанданып, әлеуметтік кепілдіктерге қолжетімділік арта түспек.