21 сәуір, сейсенбі күні Италияның Турин қаласындағы Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) оқу орталығында «Кәсіподақтар және жас қызметкерлерді ұйым құрамына тарту» тақырыбындағы жастар семинары өз жұмысын жалғастырды.
Айта кетсек, бұл жиынды ХЕҰ-ның Еңбекшілер қызметі жөніндегі бюросы (ACTRAV) ұйымдастырды. Семинар «Әлеуметтік және экологиялық саясатты ілгерілету мен жүзеге асырудағы еңбекшілер ұйымдарының әлеуетін нығайту» атты халықаралық RBSA жобасы аясында өтіп жатыр.

ХЕҰ-на мүше елдердің ұлттық кәсіподақ орталықтарынан келген жас өкілдер мен халықаралық сарапшылар үшін шараның екінші күні өте қызықты өтті. Бұл күн еңбек нарығындағы өзгерістерге сай кәсіподақ қозғалысының болашағын жоспарлауға арналған тәжірибелік сабақтар түрінде ұйымдастырылды.
Болашақты болжау тәсілдерін талқылауға және жастардың кәсіподақ ісіне қатысуын дамытудың бағыт-бағдарларын әзірлеуге Қазақстанның ұлттық кәсіподақ орталығының өкілдері — Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы аппаратының басшысы Нұрлыбек Жұмаш пен ҚРКФ сарапшысы Әйгерім Бекмағанбет белсенді атсалысты.

Жиынның бірінші бөлімінде ХЕҰ ACTRAV маманы Эвелин Тот жастарға арналған кіріспе бөлімнің қорытындыларын жасады.
Бұдан әрі қатысушылар «Кәсіподақтардың стратегиялық дамуы: келешек көріністерін әзірлеу» атты оқу сабағына көшті. Онда ХЕҰ ACTRAV маманы Рафаэль Пилстің жетекшілігімен еңбек нарығын дамыту үлгілерін жасау бойынша жұмыс істеді.

Өкілдер алдағы өзгерістерді алдын ала болжау құралдарын пайдаланып, оқиғалардың әртүрлі бағытта — қарапайым жағдайдан бастап, жағымсыз немесе оң нәтижелі бағыттарға дейін қалай өрбитінін бағалауды үйренді.
Тәжірибелік сабақ барысында рөлдік ойын ұйымдастырылды. Онда семинарға қатысушылар жұмыспен қамту саласы өзгеріп жатқан тұста кәсіподақтар, жұмыс берушілер және мемлекеттік мекемелер арасындағы келіссөздер қалай өтетінін іс жүзінде көрсетіп, сынап көрді.

Күннің екінші жартысында Рафаэль Пилс «Кәсіподақтардың стратегиялық дамуы: іс-қимылдарды жоспарлау» бөлімін таныстырып, онда қатысушылар жол карталарын әзірлеуге кірісті.
Топтық жұмыс барысында жастардың кәсіподақ ісіне қатысуындағы басымдықтарды анықтау, жас қызметкерлерді маңызды шешімдер қабылдауға тарту тетіктерін жасау, сондай-ақ кәсіподақ құрылымдарын заман талабына сай жаңғырту бойынша ұсыныстар дайындалды.

Әр топ жастардың кәсіподақ қозғалысындағы рөлін арттыруға бағытталған нақты ұсыныстары бар алғашқы есептерін ұсынды.
Шараның соңғы кезеңі «Алдағы қадамдар» атты еркін пікірталас түрінде өтті. Оған ХЕҰ ACTRAV маманы Майкл Уотт жетекшілік етті.
Талқылау кезінде қатысушылар әзірленген жоспарларды іске асыру жолдарын, сондай-ақ жастардың басқару және келіссөздер жүргізу ісіне араласуына кедергі болатын жайттарды қарастырды.

Пікірталас барысында ұйымдастырушылар жастардың кәсіподақ ішіндегі көшбасшылығын дамыту — еңбекшілер ұйымдарын еңбек нарығының жаңа жағдайларына, цифрлық жүйеге көшуге және жұмыс істеу тәртібінің өзгеруіне бейімдеудің негізгі шарты екенін баса айтты.

Семинар қорытындысы бойынша кәсіподақтарды дамытудың болашақ үлгілері жинақталып, алдын ала іс-қимыл жоспарлары дайындалды. Сондай-ақ алдағы уақыттағы халықаралық ынтымақтастық пен бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
