Өңір кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігі деңгейі бойынша цифрлық рейтингтер енгізу ұсынылды. Бұл қоғамдық бақылауды күшейтуге бағытталған. Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері облыс әкімі Асхат Шахаров төрағалық еткен жиында талқыланды. Жиынға Ақтөбе облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Алтынбек Әмірғалиев қатысты.

Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті басшысының орынбасары Талғат Искарин өңірде өндірістік жарақаттанудың алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын, еңбек жағдайларын бақылаудың заманауи тәсілдері мен цифрлық құралдары енгізіліп жатқанын атап өтті.
Кәсіпорындарда қауіпсіздік мәдениетін арттыруға, еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтауға, сондай-ақ жұмыс берушілердің қауіпсіз өндірістік орта құрудағы жауапкершілігін күшейтуге ерекше назар аударылуда.
Жиын барысында қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, оның ішінде жалақыны уақытылы төлеу және әлеуметтік кепілдіктерді сақтау мәселелері көтерілді. Сонымен қатар, қауіпсіздік техникасы талаптарының бұзылуын болдырмау және кәсіпорындардағы алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыру шаралары қарастырылды.
Жиында кәсіподақтардың еңбек қауіпсіздігін бақылауды жүзеге асыруға белсенді үлес қосатыны айтылды. Кәсіподақ ұйымдары өндірістегі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, еңбек заңнамасының сақталуын қадағалау, еңбек дауларының алдын алу және қызметкерлердің құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Облыс әкімі атап өткендей, еңбек қауіпсіздігі мәселелері мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілердің және кәсіподақ ұйымдарының қатысуымен кешенді әрі жүйелі тәсілді талап етеді.
Жиын қорытындысы бойынша еңбек қауіпсіздігі стандарттарын сақтау, жұмыс орындарын аттестациядан өткізу және кәсіби тәуекелдерді бағалау, өндірістік жарақаттануды тіркеу және талдау жүйелерін енгізу, қауіпті өндірістік нысандардағы бақылауды күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берілді.
Сондай-ақ ұжымдық шарттарға еңбек қауіпсіздігі бөлімдерін енгізу және жергілікті деңгейде үшжақты комиссиялардың жұмысын жандандыру тапсырылды. Қоғамдық бақылауды дамыту мақсатында цифрлық платформалар арқылы кәсіпорындарды еңбек қауіпсіздігі деңгейі бойынша рейтингтеу енгізу ұсынылды.
