Үлгі тұтар тұлға: білім мен тәрбие биігіндегі ұстаз

Шымкент қаласындағы № 67 негізгі орта мектебінің директоры Ханзура Бекжанқызы Мырзабаеваның кәсіби жолы мен ұстаздық қызметі – білім саласындағы табандылық пен шынайы ізденістің айқын көрінісі. Оның педагог және білікті басшы ретінде қалыптасу тарихы туған жері Қазығұрт өңірінен басталып, бүгінде мегаполистің білім беру жүйесін дамытуға ұласып отыр.
Ханзура Бекжанқызының білімге деген құштарлығы 1992 жылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Шымкент филиалының филология факультетіне түсуден басталды. 1996 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқу орнын үздік аяқтауы оның өз кәсібіне деген алғашқы жауапкершілігінің нышаны еді.
Еңбек жолын Шымкенттегі № 25 Т.Рысқұлов атындағы мектепте мұғалім болып бастаған ол, алғашқы күндерден-ақ ұстаздық этика мен пәндік шеберлігін таныта білді.


Өмірлік жағдайларға байланысты Шардара ауданына қоныс аударған соң, ол он бес жылға жуық уақыт бойы аудандық білім бөлімінде әдіскер қызметін атқарды. Бұл кезең Ханзура Бекжанқызының кадрларды басқару, оқу бағдарламаларын жүйелеу және республикалық басылымдарда ғылыми-тағылымдық материалдар жариялау арқылы шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік берді. Оның бұл еңбегі облыстық білім басқармасының «Құрмет» грамотасымен және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» лайықты бағаланды.
Кейіннен Шардара қаласындағы №1 М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебіне директор болып тағайындалған тұста басшылық қызметтің қыр-сырын терең меңгеріп, білім ордасындағы психологиялық ахуалды жақсартуға және мектеп өміріне инновациялық жаңалықтар енгізуге басымдық берді.
2016 жылдан бастап Шымкент қаласындағы № 67 негізгі орта мектебін басқарып келе жатқан Ханзура Бекжанқызы білім сапасын арттыруды басты мақсат етіп қойған. Оның жетекшілігімен мектеп бітірушілер арасында үздіктер санының артуы – жүйелі жоспарлау мен бағамдау жұмыстарының жемісі.
Ханзура Мырзабаева тек қатал басшы емес, сонымен бірге ұлттық құндылықтарды дәріптеуші тұлға ретінде белгілі. Ол тәрбиенің негізі ретінде салт-дәстүр мен ұлттық тағылымды алға қояды.
Кәсіподақ мүшесі ретінде де көпшіл, қарапайым және ақпейіл мінезімен ұжым арасында зор беделге ие.
Оның өмірлік тәжірибесі мен кәсіби білігі бүгінгі жас ұрпақ тәрбиесіне қосылған қомақты үлес болып табылады.