Сәрсенбі, 22 сәуірде Италияның Турин қаласында Халықаралық еңбек ұйымының Еңбекшілер қызметі жөніндегі бюросы ұйымдастырған Жастар семинары өз жұмысын жалғастырды. Бұл жиын кәсіподақтардың әлеуметтік және экологиялық саясаттағы рөлін арттыруды көздейтін RBSA жобасы аясында өтіп жатыр.
Бұл шараға ХЕҰ-на мүше 20-дан астам елден кәсіподақтардың, жастар ұйымдары мен халықаралық мекемелердің 50-ден астам делегат жиналды.
Семинар алаңында Қазақстанның атынан ҚР Кәсіподақтар федерациясы аппаратының басшысы Нұрлыбек Жұмаш пен ҚРКФ сарапшысы Әйгерім Бекмағанбет қатысуда.

Семинардың үшінші күні әлеуметтік әділдік жолында күш біріктіру тақырыбына арналды. Қатысушылар кәсіподақтардың басқа ұйымдармен қалай тиімді байланыс орнату керектігін және жастарды шешім қабылдау ісіне қалай белсенді түрде тартуға болатынын талқылады. Бұл әсіресе табиғатты қорғайтын және тұрақты экономикаға көшу кезеңінде өте маңызды.
Әлеуметтік әріптестердің рөлі туралы еркін пікірталас кезінде қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісті: ынтымақтастықтың қай түрі нәтиже береді және қандай қиындықтар кездеседі деген мәселелерді ортаға салды.

Қазақстандық ұлттық кәсіподақ орталығының тәжірибесі туралы ҚР Кәсіподақтар федерациясы аппаратының басшысы Нұрлыбек Жұмаш айтып берді.
«Бүгінде кәсіподақтардың жалғыз әрекет етуі тиімсіз. Тәжірибе көрсеткендей, әріптестеріміз неғұрлым көп болса, нәтиже де соғұрлым жоғары болады. Одақтар құру кәсіподақтардың беделін арттырып қана қоймай, жұмысшылардың мүддесі үшін нақты шешімдерге тезірек қол жеткізуге көмектеседі», — деді ол.
Саяси партиялармен байланыс туралы тоқталып, Нұрлыбек Жұмаш мұндай ынтымақтастықтың нақты қандай пайдасы бар екенін түсіндіріп берді.
«Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы саяси-қоғамдық ұйымдармен арнайы келісімдер негізінде жұмыс істейді. Бұл ретте, біз бағдарламасында әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғауды және кәсіподақ мақсаттарын қолдауды көздейтін партиялармен ғана әріптес бола аламыз », — деді спикер.
Жастармен және азаматтық сектормен жұмыс істеу туралы сөз қозғағанда, ол бұл бағытсыз кәсіподақтардың болашағы жоқ екенін айтты.

«Жастар мен үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеу қатарымызды жаңа адамдармен толықтыруға көмектеседі. Жастар жаңа идеялар, заманауи көзқарас және цифрлық технологияларды меңгерген білімін ала келеді. Бұл — кәсіподақ қозғалысын жаңарту мен жұмыстың тиімділігін арттыру үшін өте маңызды күш», – деп тілге тиек етті Нұрлыбек Жұмаш.
Сондай-ақ ол әлеуметтік саясат пен баршаға тең мүмкіндік беру тақырыбын да қозғады. Бұған мысал ретінде мемлекеттік мекемелермен және халықаралық ұйымдармен жасалып жатқан жұмыстарды атап өтті.
«Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесіп жұмыс істеу арқылы біз еңбек саласындағы гендерлік теңдік мәселесін жүйелі түрде шешіп келеміз. Осындай жолдармен кәсіподақтар тек мәселені айтып қана қоймай, оны мемлекеттік деңгейде шешуге қатыса алады. Халықаралық ұйымдарға мүше болу бізге әлемдегі ең жақсы тәжірибелерді үйренуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе цифрландыру, мамандарды оқыту және жұмыстың жаңа түрлерін енгізу үшін қажет. Тәжірибе алмасудың арқасында біз заманауи әдістерді тезірек игеріп жатырмыз», — деді ҚРКФ аппарат басшысы.
Нақты нәтижелерге тоқталған Нұрлыбек Жұмаш ҚР Кәсіподақтар федерациясының мұрындық болуымен іске асқан халықаралық бастамаларды атады.

«Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің құрылуы аймақтағы көрші елдердің басын қосып, тұрақты байланыс орнатуға жол ашты. Бұл — жай ғана бір реттік кездесу емес, жүйелі жұмыс. Сол сияқты, Түркі елдерінің кәсіподақтар ұйымы да біздің іс-қимылымызды үйлестіріп, негізгі мәселелер бойынша ортақ ұстанымды қорғауға мүмкіндік береді», — деп қосты ол.
Пікірталас кезінде қатысушылар тек жетістіктерді айтып қоймай, қиындықтарды да ашық талқылады. Мысалы, әріптестер арасындағы мүдделердің әртүрлі болуы, саяси құрылымдармен өзара іс-қимыл кезінде кәсіподақтардың тәуелсіздігін сақтау қажеттілігі және көптеген қатысушыны бір арнаға тоғыстырудың қиындығы сөз болды.

Күннің тәжірибелік бөлімінде қатысушылар топқа бөлініп, кәсіподақтарды дамытудың жол карталарын құрды. Жастарды қалай қызықтыруға болатынын және түрлі науқандарды қалай ұйымдастыру керектігін талқылады.
Кездесу соңында қатысушылар қазіргі кәсіподақтарға ұзақ мерзімді әріптестікті дамыту, жастармен тығыз жұмыс істеу, халықаралық байланыс мүмкіндіктерін пайдалану және басқару мен байланыстың заманауи құралдарын енгізу қажет деген ортақ шешімге келді.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
