24 сәуір күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған делегация Швейцарияның Женева қаласында Халықаралық еңбек ұйымында бірқатар кездесулер өткізді.

ХЕҰ-ның Еңбекшілер қызметі жөніндегі бюросының (ACTRAV) директоры Оливер Репкемен жүздесу барысында Халықаралық еңбек ұйымымен бірлесе атқарылатын іс-қимылдар мен ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ACTRAV директорын жаңа қызметке сайлануымен құттықтап, алдағы уақытта тығыз жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді.

Бұдан кейін Сатыбалды Дәулеталин Федерацияның әр түрлі бағыттар бойынша атқарып жатқан ауқымды жұмыстарына тоқталды.
Келіссөздер кезінде әлеуметтік әріптестік, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі, еңбекақы төлеу және өзге де маңызды тақырыптар қозғалды.

ҚРКФ Төрағасы ACTRAV директорын Қазақстанға келіп, отандық кәсіподақтар қызметімен танысуға шақырды.
Өз кезегінде Оливер Репке Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының Орталық Азия өңірі мен Бүкілеуропалық аймақтық кеңес деңгейіндегі рөліне жоғары баға берді. Ол ҚРКФ-ның лайықты еңбек жағдайын жасау, әлеуметтік әділдікті орнату және халықаралық стандарттарды енгізу жолындағы белсенділігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, шақыруды ризашылықпен қабылдап, Қазақстанға келуге ниетті екенін білдірді.

Сонымен қатар, ХЕҰ кеңсесінде ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Питер ван Роймен де кездесу өтті. Тараптар әлеуметтік әріптестікті нығайту, ұжымдық келіссөздерге қолдау көрсету, еңбек нарығындағы заманауи сын-қатерлер және бейресми жұмыспен қамтылған азаматтарды ресми тіркеу мәселелері бойынша пікір алмасты.
ХЕҰ-ның зерттеу департаментінің аға маманы Павел Гмырекпен кездесуде ҚРКФ басшысы кәсіподақтардың цифрлық жаңғыруға көшу жөніндегі Жол картасын және жасанды интеллектті қолдану кезінде жұмысшылардың құқығын қорғауға арналған стандартты таныстырды. Халықаралық сарапшы жасанды интеллектің жұмыс орындарына тигізетін әсері туралы зерттеуін көрсетті.
Ал ACTRAV бюросының аға маманы Виктор Хьюго ХЕҰ конвенцияларының орындалуы бойынша есеп беру жүйесі мен Стандарттарды қолдану жөніндегі комитеттің жыл сайынғы есебі туралы баяндап берді.
