23 сәуір, бейсенбі күні Италияның Турин қаласында орналасқан Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) оқу орталығында екі күндік семинар басталды. Бұл басқосу зиянды қалдықтарды азайту бойынша қабылданған мемлекеттік міндеттемелер аясында кәсіподақтардың алдағы іс-қимылдарына арналған.
ХЕҰ-ның Еңбекшілер қызметі жөніндегі бюросы (ACTRAV) ұйымдастырған бұл шараға ұйымға мүше елдердің кәсіподақ жетекшілері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері жиналды.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының атынан бұл жиынға Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік жөніндегі комитет төрағасы Қайрат Отаров пен Кәсіподақтық коммуникация орталығының директоры Гүлмира Қаракөзова қатысуда.
Жиынға қатысушылар әділ көшу қағидаларын елдердің ұлттық даму стратегиялары мен климатты қорғау бойынша алған міндеттемелеріне қалай енгізуге болатынын талқылады.
Сессияны ашқан ХЕҰ ACTRAV бағдарламалары мен операциялары жөніндегі аға маман Лене Ольсен семинардың негізгі мақсаттары мен халықаралық күн тәртібіндегі басымдықтарға тоқталды.

«Әділ көшуді қамтамасыз етуде кәсіподақтардың рөлі өте зор. Бүгінгі таңда климаттық міндеттемелерді жай ғана қабылдап қоймай, олардың әлеуметтік әділдігін қадағалау, яғни жұмысшылардың мүддесін қорғау маңызды. Әлеуметтік диалогты нығайту және барлық тараптың бұл іске атсалысуы — тұрақты дамудың басты шарты», — деді халықаралық сарапшы.
Бұдан бөлек, қатысушылар ұсынылған тәсілдерді елдерде қалай қолдану керектігін ортаға салды. Әсіресе мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың өзара әрекеттесуі керектігіне баса назар аударылды.

Зерттеу нәтижелеріне қатысты пікір білдірген ҚР Кәсіподақтар федерациясы Кәсіподақтық коммуникация орталығының директоры Гүлмира Қаракөзова барлық тараптың жұмысы үйлесімді болуы керектігін айтты.

«Әділ көшу қағидалары сәтті іске асуы үшін мемлекеттік деңгейдегі бірлік керек. Бұл дегеніміз — әлеуметтік әріптестіктің барлық қатысушыларын: мемлекетті, жұмыс берушіні және жұмысшыны бір мақсатқа жұмылдыру керек. Осылайша біз жұмыс орындарын сақтап қалуға, лайықты еңбек жағдайын жасауға және қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға бағытталған шешімдер қабылдай аламыз», — деді Гүлмира Қаракөзова.
Тәжірибелік қадамдар туралы сөз қозғаған ҚР Кәсіподақтар федерациясының Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік жөніндегі комитет төрағасы Қайрат Отаров жұмыс берушілермен жүргізілетін нақты жұмыстарға тоқталды. Ол маңызды шаралардың барлығы міндетті түрде ұжымдық шарттарда жазылуы тиіс екенін ескертті.

«Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы жұмысшыларды қорғау шараларын ұжымдық шарттарға енгізуді жүйелі түрде талап етіп келеді. Бұл әр мекеме деңгейінде нақты кепілдіктер беруге және экономикадағы өзгерістер кезінде туындайтын әлеуметтік қауіп-қатерлерді азайтуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Қайрат Отаров.
Мемлекеттік саясатты үйлестіру мәселесіне келгенде, ХЕҰ-ның Әділ көшу бойынша басым іс-қимылдар бағдарламасының саясат жөніндегі маманы Алиса Воцца климаттық күн тәртібі тек әлеуметтік әріптестер арасында ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік ведомстволар арасында да тығыз байланысты талап ететінін айтты. Оның пікірінше, ведомствоаралық іс-қимыл саясаттың бірізді болуы мен тұрақты нәтижеге жету үшін аса маңызды.

Елдердің тәжірибесі таныстырылған сессияда ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығының директоры кәсіподақтардың жүйелі өзгерістердегі рөліне тоқталды.

«Кәсіподақтар мемлекеттік саясатты қалыптастыруға белсенді араласады. Оның ішінде Конституциялық комиссия жұмысына қатысып, еңбек ету құқығын басты әлеуметтік кепілдік ретінде бекітуге атсалысты. Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Конституциялық комиссия құрамында болып, маңызды ережелерді, соның ішінде еңбек ету құқығын нығайту мәселелерін қарады. Бұл — кәсіподақтардың әлеуметтік кепілдіктерді жасауға тікелей қатысатынының дәлелі. Ата Заңымыздың жаңа нормаларына сай, мемлекет қауіпсіз еңбек жағдайын, лайықты жалақы мен әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Халық кеңесінің құрылуы кәсіподақтарға заң шығаруға бастамашы болу құқығын беріп, жұмысшылардың мүддесін қорғауға жаңа мүмкіндіктер ашты», — деді Гүлмира Қаракөзова.

Семинар барысында БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы конвенциясы аясындағы жұмысшылардың бұл іске қатысу мәселесі де талқыланды. Сонымен қатар Қазақстан, Кот-д’Ивуар, Панама, Нигерия, Колумбия, Гана және Оман елдерінің осы бағыттағы іс-тәжірибелері таныстырылды.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
