Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай Ақтөбе ферроқорытпа зауытында қызметкерлердің балаларына арналған пайдалы іс-шара ұйымдастырылды. Кішкентай қонақтар еліміздің төтенше қызмет нөмірлері жазылған брелоктар жасау бойынша шеберлік сабағына қатысып, қауіпсіздік негіздерімен танысты. Аталған шара 30 шақты баланы қамтыды. Мұндағы басты мақсат – олардың күнделікті өмірдегі қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру.

Сабақ барысында қатысушылар өз қолдарымен көрнекті әрі пайдалы бұйымдар жасап қана қоймай, үйде, көшеде және мектептегі қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін меңгерді. Іс-шарада қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мамандықтарға – құтқарушылар, өрт сөндірушілер, дәрігерлер мен полицейлердің қызметіне ерекше назар аударылды. Ойын түрінде әрі түсінікті форматта балалар еңбекті қорғау ережелерін сақтаудың маңызын ұғынды.
– Біз бұл шеберлік сабағын балаларға шығармашылық арқылы қауіпсіздіктің негізгі қағидаларын жеткізу үшін ұйымдастырып отырмыз. Қарапайым білімнің өзі адам өмірін сақтауға көмектесетінін түсіндіру маңызды. Балалық шақтан бастап қауіпсіздік ережелерін сақтаудың мәнін ұғындыру – басты міндетіміз, – деді зауыт кәсіподағының мәдени ұйымдастырушысы Айнаш Имекешева.

Бұл шеберлік сабағы балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытып қана қоймай, қауіпсіздік туралы білімдерін қызықты әрі есте қаларлық түрде бекітуге ықпал етті.
– Балаларға шара өте ұнады. Осындай форматта қауіпсіздік туралы түсіндіру әлдеқайда тиімді екен. Ұлым қазірдің өзінде полиция, жедел жәрдем және газ қызметінің нөмірлерін жатқа біледі. Оның жасы 9-да. Мен әрдайым түрлі жағдайларда не істеу керегін түсіндіріп отырамын. Қажет болған жағдайда 112 қызметіне хабарласу керектігін жиі еске саламын, – деді зауыттың сынақ-химиялық зертханасының зертханашысы Бибігүл Суенгарина.

Сонымен қатар, Ақтөбедегі қалалық мамандандырылған өрт сөндіру бекетінде зауыт қызметкерлері мен олардың отбасылары қатысқан «Отбасы үшін өрт қауіпсіздігі» шарасы да өтті. Бұл бастама да қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған.
Жалпы, Дүниежүзілік еңбекті қорғау айлығы аясында зауытта ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның ішінде балаларға арналған танымдық кездесулер де бар. Өткен апталарда қала мектептерінің оқушылары зауытқа экскурсия жасап, №1, 2, 4 балқыту цехтарының жұмысымен танысты. Еңбекті қорғау бөлімінің мамандары өндірістегі қауіпсіздік пен күнделікті өмірдегі сақтық шараларын байланыстыра отырып, оқушыларға пайдалы кеңестер берді.
