24 сәуірде, жұма күні Италияның Турин қаласындағы Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Халықаралық оқу орталығында екі күндік семинар аяқталды. Жиынның басты тақырыбы: «Зиянды шығарындыларды азайту бойынша ұлттық деңгейде айқындалатын салымдар (ҰДАС) аясындағы кәсіподақтардың алдағы іс-қимылдары» болды.

Бұл шараны ХЕҰ-ның Еңбекшілер қызметі жөніндегі бюросы (ACTRAV) ұйымдастырды. Оған ХЕҰ-ға мүше мемлекеттердің кәсіподақ өкілдері, сондай-ақ «әділ көшу» саясаты мен климаттық тұрақтылықты қалыптастыруға атсалысып жүрген халықаралық құрылымдардың мүшелері қатысты.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының атынан бұл семинарға Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік жөніндегі комитет төрағасы Қайрат Отаров пен Кәсіподақтық коммуникация орталығының директоры Гүлмира Қаракөзова қатысуда.

Бағдарлама аясында қатысушылар «әділ көшу» саясатын іске асырудың құралдарын талқыға салды. ХЕҰ сарапшылары Алисе Воцца мен Карлотта Ости мүше елдердің климаттық және әлеуметтік-экономикалық стратегияларын әзірлеуге қолдау көрсететін «ХЕҰ әділ көшу саясатының порталы» атты цифрлық платформаны және «Policy Help Desk» атты жедел әрекет ету тетігін таныстырды.

Халықаралық мамандардың айтуынша, бұл платформа аймақтар мен экономика секторлары бойынша ауқымды деректер базасын жинақтауды, сондай-ақ тәжірибе мен ұсыныс алмасатын арнайы бөлім ашуды көздейді.

Пайдаланушылар «Үлес қосу» бөлімі арқылы өз бастамалары мен тиімді шешімдерін жолдай алады. Сонымен қатар, ақпаратпен жедел алмасу үшін арнайы чат-бот та іске қосылмақ.

ХЕҰ сарапшысы Карлотта Ости бұл цифрлық платформаның елдер мен әлеуметтік әріптестер арасындағы нақты байланыс құралы ретінде жасалып жатқанын атап өтті.

«Біз бұл платформаның жай ғана мәліметтер қоймасы емес, шешімдермен алмасатын «тірі» кеңістікке айналуын қалаймыз. Үздік тәжірибелердің нақты саясатқа тез арада енуі өте маңызды».
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығының директоры Гүлмира Қаракөзова платформада жастардың климатқа қатысты бастамалары арасында байқау өткізетін жеке бөлім ашуды ұсынды. Оның айтуынша, бұл қадам жастарды климаттық мәселелерге белсенді тартуға және олардың идеяларын іс жүзінде асыруға мүмкіндік береді.

«Жастар тек ақпарат алып қана қоймай, климаттық күн тәртібіне әсер ете алатын нақты құралдарға ие болуы керек. Конкурс тетігі халықаралық деңгейде қолдануға болатын жаңа бастамаларды анықтауға жол ашады», — деді Гүлмира Қаракөзова.
Өз кезегінде ХЕҰ сарапшысы Алисе Воцца «әділ көшуді» іске асырудағы әлеуметтік диалогтың шешуші рөліне тоқталды.

«Кәсіподақтар мен әлеуметтік әріптестердің қатысуынсыз орнықты климаттық саясат құру мүмкін емес. Дәл осы диалог экологиялық мақсаттар мен әлеуметтік кепілдіктер арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді».
«ХЕҰ әділ көшу саясатының порталын» ресми түрде іске қосу осы жылдың маусым айына жоспарланған.

Семинардың бір бөлімі үшінші цикл бойынша жаңартылған ұлттық деңгейде айқындалатын салымдарды (ҰДАС 3.0) жүзеге асырудағы кәсіподақтық ұстанымдарды әзірлеуге арналды. Топтардың жұмысын ХЕҰ-ның Туриндегі орталығының мамандары мен ACTRAV сарапшылары Лене Ольсен және Наоми Чаканью үйлестірді.
Қатысушылар әділ көшу принциптерін ұлттық климаттық міндеттемелерге енгізудің практикалық жолдарын талқылау үшін аймақтық топтарға бөлінді. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының өкілдері Оман делегациясымен бір топта жұмыс істеді.

Мұнда экономикалық, экологиялық және әлеуметтік мүдделерді бір арнаға тоғыстырудың негізгі құралы ретінде кәсіподақтар, мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілер арасындағы әлеуметтік диалогты нығайту мәселесіне баса назар аударылды.
Сондай-ақ, халықаралық ұйымдармен және серіктестермен тәжірибе алмасуға, «әділ көшу» саласында тиімді шешімдерді енгізуге бағытталған тұрақты байланыс орнату жолдары қаралды. Қатысушылар кәсіподақтардың әлеуетін жүйелі түрде арттыру, оның ішінде оқыту, халықаралық бағдарламаларға қатысу және сараптамалық біліктілікті дамыту маңызды екенін атап өтті.
Жиында коммуникациялық құралдарды жетілдіру, жұмысшыларға климаттық күн тәртібі мен әділ көшу шаралары туралы ақпаратты қолжетімді әрі қарапайым тілде жеткізу, сондай-ақ шешім қабылдау кезінде кері байланыс орнату тетіктері сөз болды.

Жұмыс қорытындысы бойынша қатысушылар кәсіподақтардың рөлін күшейтуге бағытталған өз ұсыныстарын таныстырды. Қазақстан атынан Гүлмира Қаракөзова, Оман атынан Ибрагим Хариби ортақ ұстанымды білдіріп, өз елдеріндегі ҰОҮ 3.0 құжатымен жұмыс істеудің ерекшеліктері мен ұқсастықтарын атап өтті.
Омандық сарапшының айтуынша, олардың үкіметі 2050 жылға қарай 700 мың «жасыл» жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Қазір Оман кәсіподақтары әділ көшу бойынша үшжақты комитет құруды талап етуде.
Ортақ стратегияның таныстырылымын түйіндей келе, қазақстандық сарапшы Гүлмира Қаракөзова елдік ҰОҮ 3.0 құжатын қалыптастырудағы басым бағыттарды атап көрсетті.

«Талдау көрсеткендей, ҰОҮ-ның үшінші нұсқасында бірқатар олқылықтар бар. Климат өзгерісіне көбірек ұшырайтын аймақтарды трансформациялау бағдарламасы бойынша нақты жоспар әлі жоқ. Осал топтар мен оларды әлеуметтік қорғау шаралары нақтыланбаған. Әділ көшудің қаржылық жағы туралы да түсінік аз. Ең бастысы, кәсіподақ құрылымдары бұл жұмысқа толыққанды тартылмаған. Бұл — көптеген елдерге тән ортақ мәселе. Біз кәсіподақ қауымдастығын осы құжатты талқылауға белсенді қатысуға шақырамыз».
Әлеуметтік-экономикалық қатынастар комитетінің төрағасы Қайрат Отаров кәсіподақтар үшін әріптестік аясын кеңейту маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, бұл мәселеге тек дәстүрлі әріптестерді ғана емес, жастар ұйымдарын, әйелдер бірлестіктері мен экологиялық қауымдастықтарды да тарту қажет.

Семинар соңында қатысушылар кәсіподақтардың климаттық саясатты іске асырудағы негізгі әлеуметтік әріптес ретіндегі маңызын атап өтті. Төмен көміртекті экономикаға әділ көшу үшін жұмысшылардың шешім қабылдауға қатысуы және экологиялық өзгерістердің әлеуметтік салдарын ескеру қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен бірлескен бастамаларды дамыту қажеттігі де назардан тыс қалмады. Қатысушылардың ойынша, жұмысшыларды климаттық саясатқа тарту оның тиімділігі мен шешімдердің әлеуметтік тұрақтылығын арттырады.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
