ОАЕКК Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар конфедерациясы болып қайта құрылды

Дүйсенбі, 27 сәуір күні ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының делегациясы Ташкент қаласында өткен Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің (ОАЕКК) IX отырысына қатысты. Оның жұмысына Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстанның ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшылары мен ХЕҰ/ACTRAV Еуропа және Орталық Азия бөлімінің жетекшісі Сергеюс Гловацкас та қатысты.

Жиынды ашқан Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Кудратилла Рафиков бұл басқосудың тарихи маңыздылығын атап өтті.

«Біздің Кеңес өзінің қажеттілігін дәлелдеді және ортақ шешімдер қабылдайтын маңызды орталыққа айналды. Бірақ бүгін біз жинақталған тәжірибемізді жаңа деңгейге көтеріп, құрылымдық жағынан нығайтатын сәтке жеттік. Біз жай ғана пікір алмасу алаңынан, шешімдері міндетті түрде орындалатын және нақты ықпал ете алатын ұйымға айналамыз. Біз өзара іс-қимылдың тұрақты жүйесін қалыптастырып, Халықаралық еңбек ұйымы мен әлемдік кәсіподақ қауымдастығының мойындауына ие болдық. Бұл бізде тек әлеует қана емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік те бар екенін көрсетеді», – деді ӨКФ Төрағасы.

Отырыстың күн тәртібіне сәйкес, қатысушылар ОАЕКК-не мүше елдердегі әлеуметтік әріптестік тәжірибесімен алмасты.

Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы аппаратының Еңбекшілердің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау бөлімінің меңгерушісі Махмудджон Исаев республикалық үшжақты комиссиядағы әлеуметтік әріптестердің бірлесіп төрағалық ету тәжірибесіне тоқталды. Тәжікстан Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Исмаил Файзизода өз елінде ұжымдық шарттардың бірыңғай базасының құрылғаны туралы айтып берді. Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясының Халықаралық ынтымақтастық және хаттама басқармасының бас маманы Бақтыгүл Дәуталиева әлеуметтік әріптестік саласындағы цифрлық жобалар туралы баяндады.

Әлеуметтік әріптестіктің қазақстандық тәжірибесі туралы шолуды ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының кеңесшісі Қайрат Айбосынов таныстырды.

«Бүгінде кәсіподақ бастамаларының 80%-дан астамы Бас келісімде көрініс тауып отыр. Ұжымдық шарттар кәсіпорындардың 98%-дан астамын қамтиды. Бұл сенімнің жоғары деңгейін және әлеуметтік диалогтың кемелденгенін көрсетеді. Ұжымдық шарт іс жүзінде нақты бір ұйым деңгейінде әділеттілік стандарттарын белгілейтін «кәсіпорынның кіші Конституциясы» рөлін атқарады», – деді Қайрат Айбосынов.

Ұлттық кәсіподақ орталықтарынан келген спикерлердің сөзіне түсініктеме бере отырып, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қазақстанның Ұлттық кәсіподақ орталығының стратегиялық ұстанымын жеткізді.

«Егер біз нақты ықпал еткіміз келсе, қабылдаған шешімдеріміз міндетті түрде орындалуы тиіс. Сондықтан жұмысты жүйелі реттейтін, тараптардың жауапкершілігін бекітетін және өзара іс-қимылдың берік негізін құратын «Әлеуметтік әріптестік туралы» жеке заң қажет. Біздің міндетіміз — салалық және ұжымдық деңгейдегі еңбекақы төлеу жүйесін қалыптастыруға толыққанды қатысу. Өткен жылдың соңында Қазақстанда ратификацияланған ХЕҰ-ның №131 конвенциясы әлеуметтік әділеттілік қағидатын, яғни жұмыскер мен оның отбасының мұқтаждығын ескеруді талап етеді. Ұлттық әдістемелерді жетілдіру кезінде біз осы бағытты ұстануымыз керек», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Цифрландыру мәселесіне келгенде, Төраға ОАЕКК-нің алдыңғы жиынында қабылданған «Жасанды интеллект дәуірінде жұмыскерлердің құқықтарын қорғау стандартының» нормаларын ұжымдық шарттарға енгізудің маңыздылығын баса айтты.

«Біз Бішкекте өткен Орталық Азия кәсіподақтар кеңесінің отырысында жасанды интеллектіні қолдану кезінде жұмыскерлердің құқықтарын қорғау стандарттарын бекіттік. Қазір бұл нормаларды ұжымдық шарттарға енгізу бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. Бұл іспен бірлесе шұғылдануымыз керек, себебі бұл өте маңызды әрі негізгі мәселе. Жасанды интеллект қарқынды дамып келеді, сондықтан бұл процестерді бақылаудан шығарып алу қаупі жоғары. Сол себепті оған алдын ала дайындалу керек – бұл стандарттар дәл осы мақсатпен әзірленіп, бекітілген болатын. Айта кетерлігі, Орта Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі бұл қадамды алғашқылардың бірі болып жасады. Менің білуімше, тіпті халықаралық кәсіподақ бірлестіктері деңгейінде де мұндай стандарттар әлі әзірлеу және талқылау сатысында ғана тұр. Егер біз бұл нормаларды ұжымдық шарттарда бекіте алсақ, бұл үлкен жетістік болмақ», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Өңірлік ынтымақтастықтың өзекті тақырыптарының ішінде еңбектің психоәлеуметтік жағдайлары, еңбекті қорғау тәсілдерін өзгерту және платформалық жұмыспен қамту мәселелері де талқыланды. Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанның ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері Орталық Азия елдерінде еңбектің қолайлы психоәлеуметтік жағдайларын жасаудағы кәсіподақтардың рөлі туралы пікірлерін білдірді. Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы аппаратының Еңбекті қорғау бөлімінің меңгерушісі Нодира Гаибназарованың айтуынша, бұл мәселені шешудің басты жолы — жергілікті жерлерде әлеуметтік әріптестікті дамыту.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы аппаратының басшысы Нұрлыбек Жұмаш осы мәселе бойынша еңбек ұжымдарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жұмыскерлер мен жұмыс берушілерге арналған білім беру жобаларын кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

Жиынның ең басты оқиғасы — ОАЕКК Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар конфедерациясы етіп қайта құру туралы мәселе болды.

Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Кудратилла Рафиков Орталық Азияның бауырлас халықтарының бірлігі ерекше маңызға ие болатынын айтып, қатысушыларды Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесін Конфедерация етіп қайта құру туралы қаулы жобасымен таныстырды.

«Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің халықаралық деңгейдегі және кәсіподақтар қозғалысындағы мәртебесін көтеру, рөлін нығайту, сондай-ақ қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында Кеңестің жалпы жиналысы қаулы етеді: Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар конфедерациясы болып қайта құрылсын. Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар конфедерациясының Жарғысы қосымшаға сәйкес бекітілсін. Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар конфедерациясы Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің заңды құқықтық мұрагері болып белгіленсін», – деді ӨКФ Төрағасы.

Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің бес жылдық қызметінің қорытындысын талқылай отырып, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин өңір елдерінің кәсіподақ бірлестігі жаңа деңгейге шығуы тиіс екенін атап өтті.

« Кеңес диалог алаңы болса, Конфедерация – нақты ықпал ету құралы. Бұл жай ғана ат ауыстыру емес, бұл – жауапкершіліктің жаңа деңгейі. Бұл жай ғана атаудың өзгеруі емес, бұл жауапкершілік пен мүмкіндіктердің жаңа деңгейі. Конфедерация аймақтың беделін арттырып, ортақ мәселелерді бірлесе шешуге, бәріне ортақ талаптар енгізуге және әлемдік деңгейде біртұтас ұйым ретінде танылуға жол ашады. Ол жұмысшыларды, әсіресе әртүрлі елдерде жұмыс істейтін және жүйелі қолдауға зәру еңбек мигранттарын мейлінше тиімді қорғауды қамтамасыз етеді. Тарих дәлелдегендей, басы біріккен кәсіподақтар шынайы күшке айналады, ал бытыраңқы ұйымдар ықпалын жоғалтады. Сенімді нығайту да аса маңызды: жұмысшы өзінің артында тек өз елінің ұйымы ғана емес, сонымен бірге аймақтық деңгейдегі қуатты құрылым тұрғанын сезінуі тиіс. Осы жылдар ішінде біз бірлесіп жұмыс істей алатынымызды іспен дәлелдедік. Ендігі мәселе дайын болу-болмауда емес, бағытты айқындауда тұр: біз не бір орында тұралап қаламыз, не батыл түрде алға қадам басамыз. Конфедерация құру — бұл еңбек адамының үні нық шығып, құрметпен естілуіне жасалған үлкен қадам», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

ОАЕКК Конфедерация етіп қайта құру мәселесі Кеңес мүшелерінің дауыс беруімен бірауыздан мақұлданды.

Конфедерацияның алдағы жұмысына тоқтала келе, Қазақстанның кәсіподақ көшбасшысы бірқатар маңызды міндеттерді атап өтті.

«Атауды ғана емес, құрылымның мазмұнын да өзгерту маңызды. Сын-қатерлерге жедел жауап бере алатын жинақы әрі кәсіби аппарат қажет. Еңбек мигранттарын қорғауға, өңірлік күн тәртібін қалыптастыруға және жыл сайынғы талдау баяндамаларын дайындауға ерекше назар аудару керек. Конфедерация халықаралық диалогқа белсенді қатысып, Халықаралық еңбек ұйымымен және Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясымен байланыс орнатуы тиіс, сондай-ақ өңірдің барлық елдерін осы процестерге тартуға ықпал етуі керек. Жас кәсіподақ көшбасшыларын даярлау, оқыту және тағылымдамадан өткізу бағдарламалары жеке бағыт болуы тиіс. Сондай-ақ институционалдық жадыны сақтау маңызды — мүмкін, бұл негізін қалаушылардан тұратын, құндылықтарды бақылайтын консультативтік орган құру арқылы жүзеге асар. Жалпы, Конфедерация адамдарға олардың жалғыз еместігіне, артында қуатты өңірлік қолдау тұрғанына сенімділік беруі тиіс», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Халықаралық сарапшы Сергеюс Гловацкас Халықаралық еңбек ұйымы жаңа Конфедерациямен ынтымақтастықты жалғастыратынын және оның бастамаларына қолдау көрсететінін атап өтті.

Отырыс барысында Бас хатшы болып Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Кудратилла Рафиков бірауыздан сайланды. Конфедерацияның Бас кеңесіне Қазақстаннан ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин және оның орынбасарлары — Біржан Нұрымбетов пен Гүлнар Жұмагелдиева сайланды.

Бас кеңестің құрамына қатысушы елдердің 15 өкілі, соның ішінде Қазақстан делегациясы кірді.

Сонымен қатар, қатысушылар ұйымның Жарғысын және Атқару комитеті құрамын бекітті.

Бағдарлама соңында қатысушы елдердің кәсіподақ бірлестіктері командалары арасында футболдан жолдастық турнир өтті.

Турнир қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының командасы жүлделі екінші орынға ие болды. Олар финалда өзбекстандық спортшыларға пенальти сериясы бойынша 6:7 есебімен есе жіберді.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы