Сейсенбі күні, 28 сәуірде, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев стратегиялық жиынға қатысты. «EXPO» халықаралық көрме орталығында өткен бұл сессия «Жасанды интеллект: Қазақстан қауіпсіздіктің жаңа моделін қалай қалыптастыруда» деген тақырыпқа арналды. Бұл шара еңбекті қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздікке арналған 14-ші «KIOSH 2026» Қазақстанның халықаралық конференциясы аясында ұйымдастырылды.

Алғашқы күннің басты оқиғасы осы стратегиялық отырыс болды. Жиын барысында кәсіподақ өкілдері, мемлекеттік мекемелер, салалық қауымдастықтар, халықаралық ұйымдар мен ірі өндіріс орындарының басшылары жасанды интеллект пен цифрлық бақылау платформаларын қалай қолдану керектігін талқылады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев саланы цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Ол Кәсіпорынның цифрлық картасы мен Еңбек тәуекелдері картасы енгізіліп жатқанын, сондай-ақ жұмыс жағдайын қадағалайтын арнайы ахуалдық орталық ашылатынын айтты. Вице-министр өндірістегі жазатайым оқиғаларды азайту үшін барлық тараптар бірлесіп әрекет етуі тиіс екенін баса айтты.
Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев өз кезегінде кәсіподақтардың ұстанымын жеткізді. Оның айтуынша, басты мақсат — жаңа технологияларды дамыта отырып, жұмысшылардың мүддесін де қорғап қалу.

«Қауіп-қатерді алдын ала ескеретін модельге көшу — уақыт талабы. Бүгінде бізде бір мемлекеттік инспекторға 26 мыңнан астам жұмысшыдан келеді, ал халықаралық стандарт бойынша бұл көрсеткіш 10 мыңнан аспауы тиіс. Бұл дегеніміз — қазіргі бақылау әдістері барлық қауіпті қамти алмайды, сондықтан қоғамдық бақылауды күшейту керек», — деді Мұхтар Тінікеев.
Кәсіподақтардың маңыздылығына тоқталған ол, қайғылы жағдайлардың 69,7%-ы кәсіподағы жоқ мекемелерде болғанын тілге тиек етті.
«Бұл дерек жұмысшылардың мүддесін қорғайтын өкіл болған жерде қауіпсіздік те жоғары болатынын көрсетеді. Диалог бар жерде қауіптің алдын алу да мүмкін», — деді ол.
Сондай-ақ, ҚРКФ Төрағасының бірінші орынбасары кәсіподақ ішіндегі мамандардың мүмкіндігіне назар аударды.

«Біздің жүйеде 17 мыңға жуық техникалық инспектор бар. Олар күн сайын өндірісте жүріп, жұмыстың нақты жағдайын көзбен көріп отырған мамандар. Олардың басты міндеті — оқиға болып қойған соң тексеру емес, оның алдын алу. Сондықтан цифрлық технологиялар арқылы осы мамандардың жұмысын жеңілдетіп, қауіпті ерте анықтауға мүмкіндік беруіміз керек», — деді спикер.
Мұхтар Тінікеев еңбек қауіпсіздігі жүйесіндегі барлық құралдарды бір арнаға тоғыстыру қажеттігін айтты.
«Кәсіподақтың бақылау деректері мемлекеттің Цифрлық картасымен байланысты болуы маңызды. Қарапайым жұмысшының үні цифрлық қауіпсіздік жүйесінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Сонда ғана жүйе жергілікті жердегі шындықты көрсете алады», — деп атап өтті ол.

Жасанды интеллект туралы айтқанда, ол бұл технологияның қауіпсіздікке қалай көмектесетінін түсіндірді.
«Біз жасанды интеллектті қауіптің алдын алу құралы деп білеміз. Жұмысшылар мен инспекторлардан келетін мәліметтер сол сәтте талданып отыратын жүйе құруымыз керек. Сонда апатты алдын ала болжауға болады. Мысалы, егер қондырғының тозуы 60–70%-ға жетсе, жүйе апат болғанша дабыл қағуы тиіс», — деді ҚРКФ Төрағасының бірінші орынбасары.
Сонымен қатар, Мұхтар Тінікеев жаңа технологияларды енгізгенде кәсіподақтардың мынадай басты талабы бар екенін жеткізді.

«Технология жұмысшыға қысым жасау құралына айналмауы керек. Жасанды интеллект тек қорғаныс қызметін атқаруы тиіс. Біз жұмысшының құқығын шектейтін емес, оның өмірі мен денсаулығын сақтайтын „цифрлық қалқан“ құруды жақтаймыз», — деді ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары.
Заңнамалық мәселелерге де ерекше көңіл бөлінді.
«Жұмысшылардың цифрлық ортадағы құқықтарын заңмен бекіту керек. Бұл — жұмыс уақытынан тыс желіден ажыратылу құқығы, психологиялық шаршаудан, ұжымдағы қысымнан қорғалу деген сөз. Сондай-ақ, техникалық инспекторлардың цифрлық деректерге негізделген шешімдері заңды күшке ие болуын талап етеміз», — деді Мұхтар Тінікеев.
Өңірлердегі түйткілді мәселелер де назардан тыс қалған жоқ.

«Екібастұз сияқты өндірісі қарқынды аймақтарда мемлекеттік инспекторлар жетіспейді. Бұл мәселені тез арада шешу керек, өйткені бұл адамдардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді», — деп атап өтті ҚРКФ Төрағасының бірінші орынбасары.
Сөзін қорытындылай келе, Мұхтар Тінікеев Кәсіподақтар федерациясының алға қойған негізгі мақсатын жариялады.
«Біз еңбекті қорғаудың жаңа, алдын алушы моделіне көшеміз. Бұл — технология мен адам үйлесімді жұмыс істейтін жаңа қауіпсіздік мәдениеті. Біздің мақсатымыз — әрбір жұмысшы үшін қауіпсіз жағдай жасап, өндірістегі жарақаттануды мүлдем жою», — деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев.

Еңбек қауіпсіздігі тақырыбын одан әрі тереңдете түскен APOSHO бас директоры және NSCA Foundation қорының төрағасы Берни Дойл халықаралық тәжірибемен бөлісті. Ол әлемдік ынтымақтастықтың маңыздылығына және еңбек қауіпсіздігі саласындағы ортақ стандарттарды қалыптастыруға басымдық берді.
Өз кезегінде Халықаралық еңбек ұйымы бюросының маманы Дарко Дочински цифрландыру тек жаңа мүмкіндіктер емес, сонымен бірге жаңа қауіптер де әкелетінін атап өтті. Мәселен, жұмысшылардың психологиялық жүктемесі артуы мүмкін. Сондықтан ол кез келген технологияны енгізгенде, ең алдымен «адам факторын» ескеру қажеттігін қадап айтты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы кеңсе басшысы Скендер Сыла цифрлық өзгерістер кезінде жұмысшылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін басты назарда ұстау керек екенін жеткізді.
«PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы Президиумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов тиімді шешімдер тек үш жақты ынтымақтастық арқылы ғана жүзеге асатынын айтты.
«KAZENERGY» қауымдастығының төрағасы Болат Ақшолақов мұнай-газ саласындағы нақты мысалдарды көрсетті. Бұл салада қазірдің өзінде қауіпті алдын ала ескертетін жүйелер, жұмысшыларға арналған арнайы датчиктер мен бейнебақылау арқылы жағдайды талдайтын компьютерлік технологиялар қолданысқа еніп жатыр.
«Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығының» атқарушы директоры Николай Радостовец цифрлық кеніштер, жүргізушісіз басқарылатын көліктер мен автоматты бақылау жүйелері туралы баяндады. Оның айтуынша, жасанды интеллект бұл саладағы қауіптің алдын алудың басты құралына айналып отыр.

Павлодар облысының бас мемлекеттік еңбек инспекторы Асқар Қапанов тексерулердің қашықтан жүргізіле бастағаны туралы айтты. Бұл әдіс жемқорлық қаупін азайтуға, уақыт пен ресурстарды үнемдеуге және бақылау аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар еңбекті қорғаудың жаңа моделіне көшудің маңыздылығын мақұлдады. Бұл модель қауіптің алдын алуға, мамандардың біліктілігін арттыруға және әлеуметтік әріптестікті нығайтуға бағытталған.
Естеріңізге сала кетейік, 14-ші «KIOSH 2026» халықаралық конференциясы мен көрмесі Астанада 28-30 сәуір аралығында өтуде. Шараға 9 елден 87 компания қатысуда. Бағдарлама аясында 11 тақырыптық сессия, бизнес-ойын және өндірістегі қауіпсіздікті арттыру мен цифрландыруға арналған практикалық тренингтер ұйымдастырылған.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
