Қызылордада 10 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылды

Қызылордада еңбек нарығын жандандыруға және халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған «Enbek Hub – Qyzylorda» өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шара «Сыр болашағы» құзыреттілік орталығында өтті.

Жәрмеңке барысында жұмыс іздеуші азаматтарға кең ауқымды мүмкіндіктер ұсынылды.

Өңірдегі жұмыс берушілер тарапынан 565 бос жұмыс орны ұсынылса, еліміздің Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Абай және Ұлытау облыстарынан келген ұйымдар түрлі салалар бойынша 9 984 вакансияны таныстырды.

Нәтижесінде, жалпы саны 10 549 бос жұмыс орны көпшілік назарына ұсынылып, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты тиімді ұштастыруға мүмкіндік берді.

Іс-шара аясында Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы, заңгер Майра Боранбаева қатысушы делегациялардан жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарының сақталуы, еңбек жағдайларының сапасы, сондай-ақ «Оңтүстіктен Солтүстікке» бағдарламасы шеңберінде қоныс аудару тетіктері бойынша өзекті ақпарат алып, пікір алмасты. Сонымен қатар, іс-шара барысында тұрғындарға жұмыспен қамтудың белсенді шаралары кеңінен түсіндірілді.