Шымкентте ҚР Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының жергілікті филиалы ұйымдастырған салтанатты жиын өтті. Шара барысында аталған салалардың дамуына үлес қосып жүрген мамандар мен кәсіподақ белсенділеріне құрмет көрсетілді.

Кездесудің басты оқиғасы — Қазақстандық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіптік одағының «Салалық кәсіподаққа 30 жыл» мерекелік төсбелгілерін табыстау рәсімі болды. Бұл марапат ұйымның мерейтойлық датасына орай тағайындалған және еңбек адамының құқығын қорғау мен әлеуметтік серіктестікті нығайтуға белсенді қатысқан тұлғаларға беріледі.

Марапаттарды «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Алтеев салтанатты түрде тапсырды.

«Кәсіподақ қозғалысының 30 жылдық тарихында мәдениет, спорт және ақпарат саласының өкілдері әрдайым жоғары белсенділік танытып келеді. Бұл төсбелгі — атқарылған ауқымды жұмыстар мен сала мамандарының қажырлы еңбегінің айғағы», — деп атап өтті Бауыржан Алтеев.
Сондай-ақ мерекелік шара барысында ҚР Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Руслан Шерімов әріптестеріне құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді.

Жиынға қатысқан сала қызметкерлері кәсіподақ қызметінің еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты сақтау үшін маңызды екенін атап өтті.


