«Казцинктегі» жарылыс: кәсіподақтар тергеу жұмыстарына қатысуда

5 мамыр, сейсенбі күні таңертең Өскемендегі «Казцинк» зауытында шаң жинайтын қондырғы жарылып, арты өртке ұласты. Соққы салдарынан ғимараттың бір бөлігі құлап қалған. Шығыс Қазақстан облысының кәсіподақтар бірлестігі берген мәліметке сүйенсек, жарылыс салдарынан кәсіпорын жұмысшылары зардап шекті. Зардап шеккендердің нақты саны нақтылануда.

Оқиға орнында жедел медициналық көмектің бес бригадасы жұмыс істеп жатыр. Алдын ала мәліметтер бойынша, екі адам ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.

«Тағы бір адамды дәрігерлер оқиға орнында аман алып қалу үшін жансақтау шараларын жасап жатыр. Бір жұмысшыны зауыт қызметкерлері өз күштерімен ауруханаға апарды», — деп хабарлады Өскемен қалалық денсаулық сақтау басқармасы.

Зауыт аумағындағы апаттан кейін Экология департаментінің мамандары ауаның сапасын тексеруге кірісті. Экологтар ауаның шұғыл өлшеулерін жүргізуде. Тексеріс зауыт маңындағы санитарлық аймақ шекарасында жүргізілуде. Оның қорытындысы мәліметтер өңделгеннен кейін жарияланбақ.

Дәл қазіргі сәтте тілсіз жаудың беті қайтарылды. Мамандар қираған құрылымдарды жинап, жану ошақтарын сумен салқындату жұмыстарына көшті.

Төтенше жағдайлар министрлігінде құрылған жедел штабтың құрамына мемлекеттік органдар мен барлық мүдделі қызмет өкілдері енді. Сонымен қатар, апаттың себеп-салдарын анықтайтын арнайы комиссия мүшелігіне кәсіпорынның кәсіподақ өкілдері де тартылды.

Зауыттағы бұл жағдайды елдің Премьер-Министрі Олжас Бектенов жеке бақылауына алды.

UPD: Соңғы мәліметтерге сәйкес, өкінішке орай, екі адам қаза тауып, бес адам зардап шекті.