«Казцинктегі» қаралы оқиға: жұмысшылардың қазасына қатысты қылмыстық іс қозғалды

Шығыс Қазақстан облысының Кәсіподақ орталығы мәліметіне сүйенсек, «Казцинк» кәсіпорнында орын алған жарылыс салдарынан қаза тауып, зардап шеккен қызметкерлердің барлығы дерлік кәсіподақ мүшелері болған.

Қаза болғандардың жақындары мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтқан Кәсіподақ орталығының өкілдері еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау мәселелері кез келген өндірісте басты басымдыққа ие болуы тиіс екенін атап өтті. Себебі, әрбір еңбек адамының өмірі мен денсаулығы — ең қымбат құндылық.

Қазіргі уақытта «Казцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кәсіподақ ұйымы зардап шеккен жандармен және олардың туыстарымен тығыз байланыста. Оларға қажетті ақшалай көмек пен психологиялық қолдау толықтай көрсетілуде. Кәсіподақ тарапы орын алған қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы мен себеп-салдары мұқият әрі әділ түрде зерттелуі қажеттігін алға тартып отыр. Ұйым бұл жағдайды жіті бақылауда ұстауға уәде берді.

Сонымен қатар, «Казцинктегі» өрт кезінде екі жұмысшының опат болуына байланысты арнайы қылмыстық іс қозғалды.

«Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті «Казцинк» ЖШС аумағындағы төтенше жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Іс еңбекті қорғау ережелерін бұзу, соның салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу дерегі бойынша қозғалды. Оқиға орнында жедел-тергеу топтары жұмыс істеп, жағдайды анықтау үшін шұғыл әрекеттер жасап жатыр. Полиция департаменті оқиғаны толық, әділ және жан-жақты зерттеу үшін барлық тергеу шараларын жүргізеді », — деп мәлімдеді ШҚО ПД баспасөз қызметі.

Айта кететін жайт, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеудің басқа мәліметтерін жариялауға рұқсат етілмейді.