Павлодар облысының Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі «АМАNАТ» партиясының Павлодар облыстық филиалымен бірлесіп, «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында «ЕЭК» АҚ Ақсу электр станциясына барып, станция қызметкерлерін қабылдауды өткізді. Іс-шараға «АМАNАТ» партиясы Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысы Николай Дычко және «ЕЭК» АҚ бас директоры, облыстық мәслихат депутаты Дүйсен Мерғалиев қатысты.

Кеңес берушілер арасында Павлодар облысы Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты, партиялық жобаның амбассадоры Динара Айтжанова, «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті» РММ басшысы Алмагүл Мұхамедова, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Павлодар облысы бойынша филиалының басшысы Айгүл Кәпенова, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Заң клиникасының Павлодар облысы бойынша филиалының басшысы Марина Иванова, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының Павлодар облыстық филиалы Ақсу қаласындағы қызмет көрсету орталығының бастығы Роза Алдабергенова, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының Халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің басшысы Эльмира Темірғалиева, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Павлодар облысы бойынша халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің бас сарапшысы Валентина Сафронова, «Standart Life.kz» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ Павлодар облысындағы VIP дирекциясының директоры Фарида Имьяминова болды.



Көшпелі қабылдауға станция қызметкерлері зиянды еңбек жағдайларындағы жұмысы үшін арнайы әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу және алу шарттары, жасына байланысты зейнетақы тағайындау шарттары, еңбек заңнамасы бойынша жеңілдіктер мен кепілдіктер, әлеуметтік сақтандыру бойынша жәрдемақыларды рәсімдеу, медициналық көмек көрсету сапасы, зейнетақы аударымдарын иеліктен шығару, сақтандыру түрлері, ұжымдық шартқа толықтырулар енгізу тәртібі мәселелері бойынша жүгінді.

Барлық жүгінгендерге түсініктемелер беріліп, зиянды еңбек жағдайларындағы жұмысы үшін арнайы әлеуметтік төлемді рәсімдеу мен алу және зейнетке шығу тәртібі бойынша кеңестер жүргізілді.


Станция қызметкерлері өтініштерінің жекелеген түрлері даулы мәселе шешілгенге дейін тұрақты бақылауға алынды.
