Халықаралық еңбек ұйымына CTUCA мүшелерінен Мәлімдеме жолданды

Цифрлық платформа қызметкерлеріне лайықты еңбек жағдайын жасауға көмектесу, табыс теңдігін қамтамасыз ету, бейресми жұмыспен қамтуды азайту, сондай-ақ Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Халықаралық еңбек ұйымының заңды күші бар халықаралық шартты (Ұсыныммен сүйемелденетін Конвенция) қабылдау жөніндегі бастамаларын қолдау мақсатында — Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің (CTUCA) платформалық экономикадағы лайықты еңбек нормаларын қалыптастыру туралы Мәлімдемесі Халықаралық еңбек ұйымына (ХЕҰ) жіберілді.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 27 сәуірінде Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің мүшелері бұл құжатты CTUCA мүшелерінің IX отырысы аясында қабылдаған болатын.

Мәлімдеменің мәтіні толық нұсқада берілген:

«CTUCA COUNCIL OF TRADE UNIONS OF CENTRAL ASIA

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНІҢ КӘСІПОДАҚТАР КЕҢЕСІНІҢ

МӘЛІМДЕМЕСІ

Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі аймақтағы миллиондаған еңбекшілердің мүддесін қорғай отырып, платформалық экономикада лайықты еңбек нормаларын қалыптастыру мәселесі бойынша өзінің ортақ ұстанымын білдіреді.

Орталық Азия елдерінде цифрлық платформалар жедел дамып, оған жұмысшылардың үлкен бөлігі, әсіресе жастар мен еңбек мигранттары тартылуда. Мұндай жағдайда нақты әрі міндетті халықаралық стандарттардың жоқтығы әлеуметтік тұрақтылық пен еңбек нарығының дамуына үлкен қауіп төндіріп отыр.

Платформа арқылы жұмыс істеу «икемді әрі заманауи» деп дәріптелгенімен, іс жүзінде бұл сала негізгі еңбек және әлеуметтік кепілдіктердің жоқтығымен, жұмыс уақытының шектен тыс ұзақтығымен, әлеуметтік қорғаудың әлсіздігімен және түсініксіз алгоритмдік басқарумен ерекшеленіп отыр.

Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі заңды күші бар қатаң халықаралық Конвенция қабылданбаса, лайықты еңбек жағдайы мен әлеуметтік қорғаудан айырылған «жұмыс істейтін кедейлердің» үлкен бір табы пайда болуы мүмкін деп қатты алаңдаушылық білдіреді.

Осыған байланысты, Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі алдығы Конвенцияда мынадай негізгі қағидаларды бекітуді қажет деп санайды:

  1. Ережелердің міндетті әрі түсінікті болуы. Болашақ Конвенция платформалық жұмыс саласындағы заңсыздықтар мен олқылықтарды жоюы тиіс. Онда заң жүзінде орындалуы міндетті нақты талаптар жазылуы керек.
  2. Негізгі еңбек құқықтарының бәріне бірдей тиесілі болуы. Платформада кім болып жұмыс істесе де, әрбір адам мынадай іргелі құқықтарға ие болуы қажет:
    • өз бірлестіктерін құру еркіндігі;
    • ұжым атынан келіссөз жүргізу құқығы;
    • әлеуметтік диалогқа, соның ішінде халықаралық деңгейде қатысу;
    • қауіпсіз әрі қолайлы жұмыс орнына құқық;
    • кемсітуге, мәжбүрлі жұмысқа және балалар еңбегіне тыйым салу. Мүше мемлекеттер осы құқықтардың орындалуына жағдай жасауға міндетті.
  3. Қолданылу аясын кеңейту және еңбек қатынастарын мойындау. Конвенция барлық платформа жұмысшыларын, тіпті құжат жүзінде «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» деп аталғандарды да қорғауы тиіс. Олар мен платформа арасында еңбек қатынасы бар деп есептелетін ереже енгізу керек. Егер платформа бұл «еңбек қатынасы емес» дегісі келсе, оны дәлелдеу міндеті жұмысшыға емес, платформаның өзіне жүктелуі керек.
  4. Алгоритмдерді бақылау және еңбек қауіпсіздігі. Цифрлық платформалар жұмыс жағдайына әсер ететін бағдарламалардың қалай жұмыс істейтінін ашық түсіндіруге және жұмысшының қауіпсіздігіне жауап беруге міндетті. Мынадай кепілдіктер берілуі керек:
    • жұмысқа қатысты маңызды шешім қабылданғанда, оған адамның араласуына құқығы;
    • жұмысшының тәни және психологиялық денсаулығына келетін қауіптерді міндетті түрде тексеру;
    • басқару жүйелерін енгізу кезінде кәсіподақтардың пікірін ескеру.
  5. Әділ жалақы және жұмыс уақытын дұрыс есептеу. Жұмысшы платформада тапсырыс күтіп отырған барлық уақыты жұмыс уақыты деп есептелуі тиіс. Табысты азайтатын заңсыз комиссиялар мен алымдарға тыйым салынуы керек. Платформалар жұмысқа қатысты барлық шығындарды, соның ішінде көлік пен байланыс ақысын және медициналық тексеру шығындарын төлеуі қажет. Тапсырыс беретін және баға қоятын бағдарламалардың жұмысы ешкімді алаламай, ашық жүргізілуі тиіс.
  6. Әлеуметтік қорғау және құқықтық көмек. Платформада жұмыс істейтіндердің бәрі әлеуметтік көмектерге, яғни зейнетақы, ауырғанда төленетін жәрдемақы және ана мен баланы қорғау көмегіне қол жеткізуі керек. Платформалар салық агенті ретінде жұмыс істеп, клиент төлем жасаған кезде әлеуметтік жарналарды автоматты түрде аударып отыруы тиіс. Еңбек даулары жұмысшы тұратын елдің заңымен шешілуі керек.
  7. Жұмысшының жеке мәліметтерін қорғау. Мыналарға кепілдік беру қажет:
    • өз мәліметтерін (деректерін) басқа жаққа өткізіп алу құқығы;
    • жеке өміріне қолсұғылмаушылық;
    • кәсіподақ жұмысын аңдуға тыйым салу. Жұмыс кезінде жиналған барлық мәліметтер жұмысшының өзіне тиесілі болуы тиіс.

Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі бұл салада халықаралық ортақ ережелер орнату — цифрлық замандағы еңбектің болашағын айқындайтын өте маңызды қадам екенін баса айтады.

Біз мүше мемлекеттерді, әлеуметтік әріптестер мен халықаралық қауымдастықты платформа жұмысшыларына лайықты еңбек, әділдік пен қорғау сыйлайтын тиімді әрі міндетті Конвенцияны қабылдауға шақырамыз.

Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі бұл бағыттағы халықаралық келіссөздерге белсенді қатысуға және аймақ жұмысшыларының мүддесін соңына дейін қорғауға дайын», — делінген Мәлімдемеде.

Айта кету керек, Кеңес мүшелерінің шешімімен 27 сәуірде Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі (ОАКК) Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар конфедерациясы болып қайта құрылды. Конфедерация аймақтың үнін нығайтуға, ортақ күн тәртібін қалыптастыруға, бірыңғай стандарттар әзірлеуге және халықаралық майданда біртұтас субъект ретінде сөз сөйлеуге мүмкіндік береді.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы