Темір жол — тәртіп пен төзімділікті, жауапкершілік пен адал еңбекті талап ететін ерекше сала. Бұл жолда жылдар бойы маңдай терін төгіп, ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген жандар аз емес. Солардың бірі — Аягөз өңіріне сыйлы, темір жол саласының тәжірибелі маманы Жақупов Бейбіт Есенғалиұлы.
Бейбіт Есенғалиұлы 1968 жылы бұрынғы Семей облысы, Аягөз қаласында дүниеге келген. Балалық шағы туған өлкесінде өтіп, 1975–1985 жылдары Аягөз қаласындағы №2 орта мектепте білім алады. Мектеп қабырғасынан бастап еңбекқорлығымен, жауапкершілігімен ерекшеленген ол үлкен өмірге нық қадаммен аттанады.
1986 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге әскер қатарына шақырылып, 1986–1988 жылдары Германия жерінде әскери қызмет атқарады. Әскери тәртіп пен шыңдалған мінез кейінгі еңбек жолында үлкен септігін тигізді.
Елге оралғаннан кейін 1989–1992 жылдары Аягөз қаласындағы автобус паркінде жүргізуші болып жұмыс істейді. Ал 1992 жылдың 25 қазанынан бастап өзінің өмірін темір жол саласымен байланыстырады.

Бүгінде ол Қазақстан темір жолы Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының Семей магистраліне қарасты Аягөз белгі беру және байланыс дистанциясында желі бөлімшесінде шофер-электромонтер қызметін абыроймен атқарып келеді. Бұл салада 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп, кәсіби біліктілігі мен мол тәжірибесінің арқасында әріптестері арасында үлкен құрметке ие болды.
Темір жол саласындағы ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Бейбіт Есенғалиұлы өз ісіне деген адалдығы мен жауапкершілігі үшін бірнеше марапаттарға ие болып, темір жолдағы 30 жылдық еңбегі үшін арнайы төсбелгімен марапатталған.
Әріптестері оны сабырлы мінезі, еңбекке деген адалдығы және жастарға қамқорлығы үшін ерекше бағалайды. Ұжым ішінде әрдайым сыйластық пен бірлікті жоғары қоятын маман жас қызметкерлерге бағыт-бағдар беріп, өз тәжірибесімен бөлісуден жалыққан емес.
Ардақты әке, асыл ата атанған Бейбіт Есенғалиұлы бүгінде 3 ұл тәрбиелеп өсіріп, 7 немеренің қызығын көріп отырған бақытты жан. Саналы ғұмырын еңбекпен өрген азаматтың өмір жолы — кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық өнеге.
Осындай ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың арқасында темір жол саласының тынысы кеңейіп, тұрақтылығы нығая түсуде. Бейбіт Есенғалиұлы секілді мамандар — еңбектің қадірін арттырып жүрген нағыз еңбек адамдары.
