Адам баласының өмірдегі шынайы бағасы атақ-даңқпен емес, елге жасаған еңбегімен, артында қалдырған өнегелі ісімен өлшенеді. Осындай ғибратты ғұмыр иелерінің бірі – ардагер ұстаз, ақын, қоғам қайраткері, «Еңбек ардагері» медалінің иегері Бақыт Оразайұлы Байжігітов.
Бақыт Оразайұлы саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз. Ол бала күнінен білімге құштар болып өсіп, жастайынан ізденіс пен еңбекке жақын болды. Мектепті тәмамдаған соң 1974-1976 жылдары Совет Армиясы қатарында азаматтық борышын өтеп, өмір мектебінен өтті. Бұл кезең оның жігерін шыңдап, жауапкершілік пен тәртіпті өмірлік ұстанымына айналдырды.

Әскерден кейін Шымкент педагогикалық институтына түсіп, 1981 жылы жоғары білім алып шықты. Еңбек жолын К.Әзірбаев атындағы совхоз-техникумында бастап, кейін Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында, №51 орта мектепте ұстаздық қызмет атқарды. Ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеп, білім саласында аянбай еңбек етті.
Ұстаздық – тек мамандық емес, үлкен жүрек пен мейірімді талап ететін қасиетті жол. Бақыт Оразайұлы осы жолда өзінің биік адамгершілік болмысымен ерекшеленді. Оның әр сабағы шәкірттеріне тек білім ғана емес, тәрбие мен тағылым беретін өмір мектебіне айналды. Ол жастардың бойына имандылықты, елге деген сүйіспеншілікті, адалдық пен еңбекқорлықты сіңіре білді.
Әсіресе, А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептегі еңбегі ерекше аталады. Мұнда ол оқу-тәрбие ісінің сапасын арттыруға үлес қосып, жас мамандарға бағыт-бағдар берді. Әріптестері оның жауапкершілігін, іскерлігін және қандай істі болса да тыңғылықты атқаратын табандылығын жоғары бағалайды. Ал шәкірттері ұстазының талапшылдығы мен жанашырлығын әлі күнге дейін жылы естелікпен айтады.
Мектептің рухани өміріне де өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ұжымның ынтымағын арттыру мақсатында мектеп гимнінің мәтінін жазуға бастамашы болып, бұл еңбек кейін білім ордасының ресми рәмізіне айналды. Гимн жолдарынан туған жерге деген құрмет пен білімге деген құштарлық анық сезіледі.
Бүгінде Бақыт Оразайұлы қоғам өмірінен де шет қалған емес. Ол Қордай аудандық ардагерлер алқасының белсенді мүшесі әрі Әкелер кеңесінің төрағасы ретінде ел бірлігі мен жастар тәрбиесіне өз үлесін қосып келеді. Сонымен қатар оның ақындық қыры да көпшілікке жақсы таныс. «Ұстаз ұлағаты – өмір тағылымы» атты жыр жинағы оқырман тарапынан жоғары бағасын алған.
Бақыт Байжігітов – өнегелі өмірі арқылы көпке үлгі болған тұлға. Оның еліне сіңірген еңбегі, ұстаздық жолдағы адалдығы мен адамгершілік қасиеті кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала береді.
