ҚРКФ ХКК семинарында ЖИ реттеу тәжірибесін таныстырды

Сәрсенбі, 13 мамыр күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (ХКК) «Жасанды интеллектіні реттеу: кәсіподақтардың басымдықтары» атты семинарына қатысты. Онлайн форматта өткен шараға оннан астам елдің кәсіподақ бірлестіктері мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Жиын барысында жасанды интеллектінің еңбек нарығына әсері, жұмыс орындарының өзгеруі, қызметкерлерді алгоритмдік басқарудың дамуы, сондай-ақ цифрлық экономика жағдайында еңбек құқықтарын қорғаудың халықаралық стандарттарын жасау қажеттілігі сияқты негізгі мәселелер талқыланды.

Қатысушыларға арнаған сөзінде ХКК Бас хатшысының орынбасары Эрик Манзи семинардың мақсатын түсіндірді.

«Соңғы жылдары жасанды интеллектінің қарқынды енгізілуі жұмысшылардың жұмыспен қамтылуына, құқықтары мен еңбек жағдайларына үлкен әсер етті. Көбіне бұл технологиялар қауіпсіздік шараларын әзірлеп үлгергенше жұмыс орындарына еніп кетіп жатыр. Бұл семинардың мақсаты — ЖИ саласындағы саясат пен заңнамалық реттеудегі соңғы өзгерістерді қарастыру, сондай-ақ кәсіподақ науқандарына қолдау көрсету және ЖИ-ді реттеуді күшейтуді қорғау үшін кәсіподақтардың басымдықтарын жинақтау. Осы семинардың нәтижелері ХКК әзірлейтін арнайы құжатқа енеді. Ол кәсіподақтар үшін ЖИ-ді реттеудегі тиімді ережелерді жинақтаған нұсқаулық болады», — деп атап өтті ХКК Бас хатшысының орынбасары.

Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының ұстанымын Нұрлан Өтешев таныстырды. Ол өз сөзінде еңбек саласына жасанды интеллектіні енгізу жай ғана технологиялық жаңалық емес, ол еңбек қатынастары құрылымының жүйелі өзгеруіне айналғанын баса айтты.

Ол негізгі өзгеріс тек жұмысты автоматтандыруда ғана емес, сонымен қатар алгоритмдердің қызметкерлерді басқаруға — олардың жұмыс тиімділігін бағалауға, тәртібін бақылауға және кадрлық шешімдерге араласуына көшіп жатқанын атап өтті.

«Бүгінде жасанды интеллект жай ғана көмекші құрал болудан қалып, басқарушылық шешімдерге тікелей әсер ете бастады. Іс жүзінде алгоритм еңбек адамы туралы шешім қабылдайтын жүйенің ажырамас бөлігіне айналуда. Осы орайда: «Мұндай шешімдердің салдарына кім жауапты — технология ма, әлде оны енгізген және қолданатын адам ба?» деген іргелі сұрақ туындайды», — деді Нұрлан Өтешев.

Ол мұндай өзгерістер еңбек құқығында ескерілмеген жаңа әлеуметтік-еңбек тәуекелдерін туғызатынына назар аударды.

«Тарихи тұрғыдан еңбек заңнамасы екі тарап — жұмысшы мен жұмыс берушінің айналасында құрылды. Бүгінде бұл жүйеге іс жүзінде үшінші қатысушы — алгоритм қосылды. Ол құқық субъектісі болмаса да, еңбек шешімдеріне зор ықпал ете алады. Бұл реттеудің жаңа деңгейін талап етеді, өйткені қорғаудың үйреншікті тетіктері цифрлық басқару нысандарын әрдайым қамти бермейді», — деді ҚРКФ Төрағасының орынбасары.

Оның айтуынша, 2025 жылғы қарашада қабылданған Қазақстан Республикасының «Жасанды интеллект туралы» Заңы цифрлық экономиканың құқықтық базасын қалыптастырудағы маңызды кезең болды және алғаш рет мемлекеттік деңгейде ЖИ-ді реттеу қағидаларын жүйелі түрде бекітті.

«Заң қабылданғанға дейін жасанды интеллектінің дамуы құқықтық нормалардың жасалуынан озып кетті. Бұл көптеген процестердің құқықтық өрістен тыс қалуына әкелді. Алгоритмдердің ашықтығы, автоматтандырылған шешімдер үшін жауапкершілік және технологиялардың адамға әсері мәселелері тиісті деңгейде реттелмеген еді», — деді Нұрлан Өтешев.

Баяндама барысында заңның негізгі ережелері егжей-тегжейлі таныстырылды. Оның ішінде: ЖИ жүйелерін қауіптілік деңгейі мен дербестігі бойынша жіктеу; қаупі жоғары жүйелерге киберқауіпсіздік талаптарын қою; кемсітушілік алгоритмдер мен әлеуметтік рейтинг жасауға тыйым салу; жасанды контентті міндетті түрде таңбалау; ашықтық пен пайдаланушыларды хабардар ету принципін бекіту; ЖИ қолданумен жасалған өнімдерге авторлық құқық мәселелерін реттеу бар.

«Қолданыстағы заңнама технологиялық және жалпы құқықтық қырларды көбірек қамтитынын көріп отырмыз, бірақ еңбек қатынастары мәселелері әлі де толық нақтыланбаған. Ал ең сезімтал тәуекелдер дәл осы жерде — жұмыстың жасырын күшеюінен бастап, жұмыспен қамту туралы автоматты шешімдерге дейін туындап жатыр. Реттеу болмаса, еңбек адамы туралы маңызды шешімдер оның қатысуынсыз қабылдану қаупі бар», — деп атап өтті ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары.

Осыған байланысты, Нұрлан Өтешев хабарлағандай, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы кәсіпорындарда ЖИ енгізілгенде жұмысшы құқықтарын қорғайтын арнайы Стандарт жобасын әзірледі.

«Осы Стандарт аясында мынадай ережелерді бекіту ұсынылады: кадрлық шешімдерді адамның қатысуынсыз тек алгоритм негізінде қабылдауға жол бермеу; цифрлық технологияларды сылтау етіп еңбек жағдайын нашарлатуға тыйым салу; жұмыс міндеттері өзгергенде жұмысшының қайта оқуына және жұмыс орнын сақтауына кепілдік беру; цифрлық бақылауды шектеу және өндіріске қатысы жоқ деректерді жинауға тыйым салу; жұмысшылардың дербес деректері мен цифрлық ізін қорғау», — деді ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары.

Еңбек саласындағы ЖИ-ді бақылау мәселесіне тоқталған Нұрлан Өтешев Кәсіподақтар федерациясы Мемлекеттік еңбек инспекциясының рөлін күшейтуді қолдайтынын айтты. Бұл инспекцияның алгоритмдік жүйелердің жұмыс жағдайына әсерін және еңбек құқықтарының сақталуын бағалау бойынша өкілеттігін кеңейтуді қамтиды.

«Жасанды интеллектіні енгізуді бақылау тек техникалық сараптамамен шектелмеуі керек. Ол әлеуметтік-еңбек салдарларын да бағалауы тиіс. Егер алгоритм жұмыспен қамтуға, жалақыға немесе жүктемеге әсер етсе, ол еңбек қатынастарының бөлігі болып саналады және мемлекет пен қоғамның толық бақылауында болуы керек», — деді ол.

Семинар аясында қатысушылар жасанды интеллект саласындағы заманауи халықаралық құқықтық шеңберлерді және әртүрлі елдердегі реттеу олқылықтарын талқылады.

Испания кәсіподақтарының ЖИ-ді реттеу күш-жігеріне жасалған талдауды CCOO-Каталония цифрлық, экологиялық және демографиялық көшу бөлімінің басшысы Даниэль Круз таныстырды.

ЖИ саласындағы халықаралық құқықтық нормалар мен реттеудегі кемшіліктер туралы ХКК заң кеңесшісі Зузанна Мускат-Горска мен оның әріптесі Сикс Сильберман ақпарат берді.

Кәсіподақтардың басымдықтары ретінде — «шешім қабылдауда адам басты орында» қағидасын бекіту, цифрлық технологияларды енгізуде ұжымдық келіссөздерді дамыту және кәсіпорындардағы технологиялық аудит кезінде кәсіподақ рөлін күшейту мәселелері қаралды.

Сондай-ақ өнеркәсіпте, логистикада, мемлекеттік басқару мен қызмет көрсету саласында ЖИ-ді қолданудың нақты мысалдары, соның ішінде алгоритмдердің жұмыс құрылымына әсері, еңбек тиімділігін бағалау жүйесі мен басқарушылық шешімдерді автоматтандыру тәуекелдері талқыланды.

Тәжірибе алмасу барысында ұжымдық шарттарға цифрландыру мен ЖИ туралы нормаларды енгізу, автоматтандырылған кадрлық шешімдерге шектеу қою және жұмысшылардың алгоритм шешіміне шағымдану құқығын (адамның міндетті түрде қайта қарауы арқылы) бекітудің халықаралық үлгілері ұсынылды.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы