Абай облысында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды

Абай облысының Кәсіподақтар орталығында еңбек ұжымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және адалдық құндылықтарын дәріптеу мәселелері бойынша отырыс өтті.

Кездесудің модераторы ретінде Абай облысының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Қуаныш Сүлейменов сөз сөйледі.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Руслан Шарипов, сондай-ақ салалық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өкілдері мен төрағалары қатысты.

Кездесу барысында кәсіподақтар мен мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру және еңбек ұжымдарында адалдық, жауапкершілік пен ашықтық қағидаттарын орнықтыру бағытындағы бірлескен іс-қимылдары қарастырылды.

Сонымен қатар қызметкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, семинарлар, ашық диалог алаңдары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайтуға бағытталған өзге де ақпараттық-ағартушылық шараларды ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Өз сөзінде Қуаныш Сүлейменов кәсіподақтардың құқықтық ағарту жұмыстарына қатысуы мен ұжымдарда сыбайлас жемқорлық көріністеріне «мүлдем төзбеушілік» мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Руслан Шарипов Қазақстан Республикасының 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты тұжырымдамасын іске асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, адалдық қағидаттарын нығайту және әдеп нормаларын сақтау бағытындағы шаралар туралы баяндады.

Ашық диалог барысында салалық кәсіподақтардың төрағалары Руслан Шариповқа сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама, құқық бұзушылықтардың алдын алу және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша сұрақтарын қойды. Барлық сауалдарға жан-жақты түсіндірмелер мен негізді жауаптар берілді.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар құқықтық мәдениетті арттыруға және еңбек ұжымдарында әділдік пен жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға бағытталған бірлескен жұмысты жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.