Мәжіліс және Кәсіподақтар федерациясының басшылары еңбек саласындағы реформаларды талқылады

14 мамыр, бейсенбі күні Астана қаласында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мен ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «AMANAT» партиясының жетекшісі Ерлан Қошанов кездесті.

Мәжіліс спикері Парламенттегі заң жобаларын дайындау мәселесіне тоқталды. Әсіресе, конституциялық заңдар мен еңбек заңнамасына енгізілетін өзгерістер туралы сөз болды.

Айта кетерлігі, дәл бүгін, 14 мамырда Сенат депутаттары еңбек заңнамасын жетілдіруге бағытталған түзетулерді мақұлдады. Бұл құжат еңбек саласын реттеуді жақсарту, жұмыс орнындағы қауіпсіздікті арттыру, жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту, цифрлық жүйелерді енгізуді және еңбек дауларын шешу жолдарын жеңілдетуді көздейді.

Ерлан Қошановтың айтуынша, жаңа заң арқылы қолданыстағы Еңбек кодексіне, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

«Еңбек кодексіне адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға арналған жаңа қағидалар қосылады. Жұмыскерлердің ауруларды ерте анықтауға арналған тексеруден өту тәртібі де белгіленді. Сондай-ақ, заң жобасында жұмыс берушінің еңбек жағдайлары өзгерген жағдайда жұмыскерге жазбаша ескерту жасау міндеті бекітілген. Бұдан бөлек, жұмыс берушілер өндірісте қолданылатын барлық нысандар мен құралдардың қауіпсіздік талаптарына сай болуын қамтамасыз етуге міндетті болады. Мемлекеттік еңбек инспекторлары үшін еңбек қауіпсіздігі мен қорғауы бойынша біліктілігін үнемі арттырып отыру талабы қойылады. Сонымен қатар, заң жобасында еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың құқықтары мен олардың еңбегіне ақы төлеу тәртібі де жазылған», – деді Мәжіліс төрағасы.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы ҚРКФ өкілдері Мәжіліс пен Сенаттың жұмыс топтарына қатысып, жаңа заң нормаларын әзірлеуге белсенді атсалысып жатқанын жеткізді. Бұған Кәсіподақтар федерациясы басшылығының өңірлердегі еңбек ұжымдарымен жиі кездесуі де үлкен септігін тигізуде.

«Бүгінде Қазақстан жаңа саяси кезеңге өтті. Конституциялық реформалар жүзеге асып, қоғамда әділдікке деген сұраныс артып, алдағы саяси жағдайларға дайындық жүріп жатқан тұста еңбек адамымен тікелей жасау, ашық диалог құру өте маңызды», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кездесуде тараптар еліміздің жаңа Конституциясын іске асыру мәселелерін де талқылады.

Ерлан Қошанов кәсіподақтардың Ата заңдағы өзгерістерді әзірлеуге қатысуын елдегі демократиялық қағидаттардың даму үлгісі деп бағалады.

Ал Сатыбалды Дәулеталин қатардағы қазақстандықтардың бұл өзгерістерден не күтетінін айтты.

«Жаңартылған Конституцияның жемісін адамдар күнделікті өмірінде сезінуі керек. Реформалардан кейін қоғамда «Әділетті Қазақстан» қағидаты іс жүзінде орындалса екен деген үлкен үміт бар. Халық конституциялық өзгерістер тек саяси жаңару ғана емес, сонымен бірге еңбек жағдайының жақсаруына, табыстың өсуіне, әлеуметтік қорғау мен әділдіктің орнауына алып келеді деп сенеді. Сондықтан жаңа Конституцияны алдағы уақытта іске асыруда еңбек адамының мәселелері басты орында болуы тиіс. Әлеуметтік мәселелер мемлекеттік саясаттың өзегі болып қала беруі керек. Қазір адамдар реформаларды тек саяси өзгерістермен емес, ең алдымен өздерінің табыс деңгейімен, жұмыс орнындағы жағдайымен, қауіпсіздігімен және әлеуметтік қорғалуымен бағалайды. Дәл осы факторлар қоғамдағы көңіл-күй мен билікке деген сенімге тікелей әсер етеді», – деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Сонымен қатар, кездесуде қазақстандық жұмысшылардың жалақысы туралы мәселе көтерілді. Екі тарап та ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мәселесіне жаңаша саяси және экономикалық көзқарас қажет екеніне келісті.

«Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бағаның өсуі мен қымбаттауына байланысты қазіргі ең төменгі жалақы деңгейі көптеген жұмысшылар үшін жеткіліксіз. Кәсіподақтар халықаралық әлеуметтік стандарттар мен халықтың нақты шығындарын ескере отырып, ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен арттыруды жалғастыру қажет деп санайды. Экономикалық өсім тек құрғақ статистикада емес, халықтың нақты табысында сезілуі тиіс», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Сондай-ақ, әлеуметтік әріптестердің еңбек қауіпсіздігіне баса назар аударуы, цифрландыру мен жасанды интеллект заманындағы жаңа сын-қатерлерге дайын болуы маңызды екені айтылды.

Жетекшілер технологияның дамуы мен жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуы арасында тепе-теңдік сақтайтын заманауи заңдарды бірлесіп дайындау керек деген тоқтамға келді.

Кездесуге «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек те қатысты. Тараптар өткен жылы партия мен ҚРКФ арасында жасалған Меморандум аясында алдағы уақытта атқарылатын іс-қимылдарды талқылады.

«Алдағы саяси жағдайлар кезінде азаматтық қоғаммен және еңбек ұжымдарымен байланысты нығайту өте маңызды. Кәсіподақтардың кәсіпорындар мен өңірлердегі халықпен тікелей байланыс орнататын үлкен желісі бар. Бұл – реформаларға деген сенімді, әлеуметтік тұрақтылықты және кері байланысты қамтамасыз ететін маңызды қоғамдық құрал. Кәсіподақтар федерациясы мен «AMANAT» партиясының әлеуметтік саясат, жұмысшы құқығын қорғау және еңбек адамын қолдау бағытындағы ортақ жұмысын ерекше атап өткім келеді. Бұл ынтымақтастықты, әсіресе өңірлер мен еңбек ұжымдарында одан әрі күшейту қажет», – деп түйіндеді Сатыбалды Дәулеталин.

Кездесу соңында Ерлан Қошанов пен Сатыбалды Дәулеталин Қазақстандағы әлеуметтік-еңбек мәселелерін бірлесіп шешу үшін ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаласты.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы