Еңбек қатынастарын реттеу бойынша Меморандумға қол қойды

2019 жыл 22 қаңтар күні Шымкент қаласының әкімдігінде «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің, «Тәжірибелі заңгерлердің ұлттық орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің, «Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің және Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты 4 аудан әкімдіктері мен 22 басқармасы арасында еңбек қатынастарын реттеу, дауларды шешу, ұжымдық шарт жасасу, еңбек шарттарын жасау, өндірістік жазатайым оқиғалардың алдын алу, жалақы қарыздарын болдырмау, еңбек қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, тағы да басқа еңбек қатынастарына байланысты мәселелер талқыланып, осы мәселелерді бірлесе шешу мақсатындағы МЕМОРАНДУМҒА қол қойылды.

Аталған жиынға кәсіподақтар тарапынан «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары С.Әуесханов, бірлестіктің бас маманы А.Датқаев, Түркістан облысының Мемлекеттік қызмет саласы кәсіподағының төрайымы К.Есебаева, Түркістан облысының Мәдениет, спорт және ақпарат саласы кәсіподағының төрағасы Б.Прімбетов, Шымкент қаласының Білім және ғылым саласы кәсіподағының төрайымы Л.Тұрғынбаева, Түркістан облысының Білім және ғылым саласы кәсіподағының бөлім меңгерушісі Б.Қилыбай, ал «Тәжірибелі заңгерлердің ұлттық орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің, «Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің тарапынан Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша өкілдігінің директоры Л.Ақшегірова, халықаралық кәсіби медиатор Г.Сейдазова, тағы басқа өкілдері қатысты.

Сондай-ақ, жиынның негізгі қатысушылары Шымкент қалалық әкімдігіне қарасты 4 аудан әкімдіктері: Әл-Фараби, Абай атындағы және Қаратау, Еңбекші аудандары әкімдіктерінің аппарат басшылары мен 22 қалалық басқармалардың басшылары, орынбасарлары қатысты.

Басқосуда «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары С.Әуесханов 2018 жылдың қорытындысы бойынша еңбек қатынастарының жағдайына: ұжымдық шарт жасасу мен еңбек шарттарын жасасудың жағдайы, орын алған өндірістік жазатайым оқиғалар туралы, жұмысберушілердің жұмыскерлер алдындағы жалақы қарыздары жөнінде хабарлама жасады. Орын алған кемшіліктерді алдағы уақытта жою және оны болдырмау шараларын бірлесе шешуге шақырды.

Сонымен бірге аталған жұмыстардағы кәсіподақтардың рөлі, оның қажеттілігі баса айтылып, кәсіподақ ұйымдары жоқ кәсіпорындарда, ұйымдарда, мекемелерде Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының құрамына кіретін бастауыш кәсіподақ ұйымдарын ашу және оның мүшелігіне кіру туралы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.

Ал, дауларды шешу және медиация жұмыстары туралы «Тәжірибелі заңгерлердің ұлттық орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің, «Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің тарапынан халықаралық кәсіби медиатор Г.Сейдазова аталған тақырыптағы түсіндіру жұмыстары Шымкент қаласы әкімдігінің бекіткен кестесіне сәйкес Шымкент қаласының 4 аудан әкімдіктерінің және 22 қалалық басқармаларының ұжымдарында, сондай-ақ оларға қарасты мекемелердің ұжымдарында барлық қызметкерлерінің қатысуымен түсіндіру жұмыстары жүргізілгендігін баяндады.

Жиын барысында қойылған сұрақтарға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары С.Әуесханов және «Тәжірибелі заңгерлердің ұлттық орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің, «Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша өкілдігінің директоры Л.Ақшегірова жауап беріп, жиынды қорытындылай келе Меморандумның басты мақсаты – Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Болшаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Еңбек қоғамына қарай 20 қадам», «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында дауларды реттеу, соның ішінде медиацияны дамыту және дауды (жанжалдарды) шешудің басқа да баламалы әдістерін дамытуды реттеу болып табылатындығын айтты.

Жиын соңында Кәсіподақтар орталығы, Медиация орталығы және Шымкент қаласының 4 аудан әкімдіктері мен 22 қалалық басқармалары арасында Өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.