Ұжымдық шарт дегеніміз не?

Ұжымдық шарттың тараптары – жұмыс беруші және жұмысшылар тарапынан белгіленген тәртіпте уәкілеттік ететін өкілдер (ҚР ЕК 156-б. 1-т.).

Ұжымдық шарт ұйымда, сондай-ақ, шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктерінде де жасалуы мүмкін. Ұйымда бір ұжымдық шарттың болуына жол беріледі.

Ұжымдық шарт — ұйымдағы әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттейтін, жұмысшылар өкілдері мен жұмыс беруші арасында жасалған жазбаша келісім түріндегі құқықтық акт.

Ұжымдық келіссөздерді бастау және ұжымдық шарт жасасу туралы ұсыныс тараптардың кез-келгенінен болуы мүмкін.

Ұжымдық шарт жасасуға қатысты келіссөздерді бастау туралы басқа тараптан хабарлама алған тарап оны он күн ішінде қарауға және заңда белгіленген тәртіппен келіссөздер жүргізуге міндетті.

Ұжымдық келіссөздер мен ұжымдық шарттың жобасын әзірлеу үшін тараптар тепе-теңдік негізде комиссия құрады.

Комиссия мүшелерінің саны, оның жеке құрамы, жобаны әзірлеу мерзімі және ұжымдық шарт жасасу тәртібі тараптардың келісімімен анықталады.

Кәсіподақ мүшелері болып табылмайтын жұмысшылар кәсіподақ органына жұмыс берушімен байланыс жасауда өздерінің мүдделерін көрсетуге уәкілеттік беруге құқылы.

Егер ұйымда жұмысшылардың бірнеше өкілі болса, олар комиссия жұмысына қатысуға, ұжымдық шартты талқылауға және қол қоюға бірыңғай өкілді орган құрады.

Комиссия дайындаған ұжымдық шарт жобасы ұйымның жұмысшыларымен міндетті түрде талқыланады. Комиссия қабылданған ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып, жобаны аяқтайды.

Тараптар өзара келiсiмге келген кезде ұжымдық шарт кем дегенде екi данада жасалады және тараптардың өкiлдерi қол қояды.

Тараптар арасында ұжымдық шарттың жекелеген ережелері бойынша келіспеушіліктер туындаған жағдайда, тараптар келісілген шарттар бойынша ұжымдық шартқа қол қоюы және бір мезгілде олар келіп түскен күннен бастап бір ай ішінде келіспеушіліктер туралы хаттама жасауы тиіс. Ұжымдық келіссөздер барысында туындаған келіспеушіліктер өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезіндегі ұжымдық келіссөз барысында қаралады.

Ұжымдық шартқа өзгерістер мен толықтырулар заңда белгіленген тәртіппен, тараптардың өзара келісімі бойынша ғана жасалады.

Ұжымдық келіссөздер тараптары, егер бұл ақпарат мемлекеттік құпиялар, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылса, алынған ақпаратты жария етуге құқылы емес.

Ұжымдық келіссөздердің тараптары жалақылары сақтала отырып, еңбек міндеттерін атқарудан босатылуы мүмкін.

Жұмыс беруші тараптар қол қойған ұжымдық шартты қол қою күнінен бастап бір ай ішінде жергілікті еңбек инспекциясына мониторинг үшін ұсынуы тиіс.