«Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасы бойынша өткізілген «Дөңгелек үстел»

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық комитеті 2019 жылғы 30 қаңтар күні «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасы бойынша «Оңтүстік» ақапарат орталығында «Дөңгелек үстел» өткізді.

«Дөңгелек үстелге» облыстық кәсіподақ ұйымы атқару комитетінің мүшелері, аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттерінің төрағалары, педагогтар және оқу орындарының оқытушылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

«Дөңгелек үстелде» облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Еркінбек Бахыт Сейітжаппарұлы «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Педагог мәртебесі туралы» Заңды әзірлеу туралы Үкіметке тапсырма берді. Мұны білім саласы қызметкерлері үлкен қанағаттанарлықпен қабыл алды. «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасы білім беру ұйымдары ұжымдарында, кәсіподақ жиналыстарында талқылынып, тиісті ұсыныстар айтылып, облыстық кәсіподақ комитетіне жіберілді. Облыстық кәсіподақ комитеті бізге түскен ұсыныстарды қорытып, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік Одағына жіберді, олар Заң жобасына енгізілді» деп атап көрсетіп, «Дөңгелек үстелдің» мақсатына тоқталды.

Заң жобасы бойынша қатысушылар пікірін тыңдап, педагог мәртебесін көтеру үшін кәсіподақ ұйымдары мен педагогтардың өздері қандай жұмыс жүргізуі керектігі, қандай іс-шараларды іске асырған жөн деген ұсыныстары мен ойларын тыңдап, жүзеге асыру үшін қандай жұмыстарды атқару керектігі сараланды.

«Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасы бойынша қысқаша ақпарат берілген соң, қатысушылар өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Ордабасы ауданынан М.Исламқұлов атындағы жалпы орта мектебінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Б.Тастанбекова, Қазақстанның Еңбек Ері, Шымкент қаласы А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназияның мұғалімі, биология ғылымдарының кандидаты, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы А.Р. Соловьева, М.Әуезов атындағы ОҚМУ доценті, техника ғылымдарының кандидаты Г.Кенжебаева, Төлеби ауданы «Қазақстан» ЖОМ мұғалімі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Н.Қойбекова, Сарыағаш ауданы Қ.Сатпаев атындағы №10 мектеп-гимназияның мұғалімі Б. Досанов, Түркістан қаласы № 24 ЖОМ мұғалімі А.Уразбекова, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Қ.Анарбаев, Сайрам ауданы Бабыр атындағы №7 ЖОМ мұғалімі М.Тойчиева, Шымкент жол-көлік колледжі оқытушысы Ж.Рыстанбекова «Дөңгелек үстелде» сөз сөйлеп өз пікірлерін айтты.

«Педагог мәртебесі туралы» Заң педагогтар үшін аса маңызды және қажетті заңнамалық құжат.

Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы үшін бұл заңнама өте құнды құжат. Себебі оның мақсаты мен жұмысы – білім саласы қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау болып, мақсат пен мүдде сәйкес келіп отыр.

Алдағы уақытта «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданға дейін әлі де көп жұмыс атқару қажет. Заңнаманы қолдау бойынша барлық деңгейдегі баспасөздерге, электрондық сайттарға материал беріп, жоғары тұрған кәсіподақ органын хабардар етіп, облысқа келген Сенат және Парламент депутаттарымен кездесулер өткізіп, қолдау туралы өтініштері жеткізілмек.

Соның бірі және алғашқысы осы «Дөңгелек үстел» болды.

Жалпы, бұл бас қосу өз мақсатына жетті.

Алдағы уақыттан күтер үміттері мол.