ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ – КӘСІПОДАҚТЫҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ

Жалақы дер кезінде төленбеген жағдайда, еңбек шарттары бұзылып, жұмысшының мүддесі мен құқығы тапталған кезде оларды заң жүзінде қорғайтын жалғыз ұйым – кәсіподақ. Еңбек туралы заңнамалардың орындалуына да қоғамдық бақылау жасайтын – кәсіподақ. Әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктер көзделген келісімдер, ұжымдық шарттар жасап, оның орындалуын қадағалайтын да әзірге осы ұйым. Кәсіподақ бұдан басқа қандай жұмыстармен айналысып отыр? Болашақ жоспарлары қандай? Кәсіподақ жүйесінде жаңғыру мен жаңару бар ма? Билік тармақтары және басқа да қоғамдық ұйымдармен қарым-қатынасы қандай? Осындай сауалдарға жауап алу үшін Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайыммен сұхбаттасқан едік.

КӘСІПОДАҚ БЕДЕЛІ БИІКТЕЙ БЕРЕДІ

– Бақытжан Жарылқасынұлы, Елбасы «Кәсіподақ қоғамдағы жаңғыртудың қозғаушы күші болуы тиіс» деген болатын. Осы міндетті орындауға кәсіподақтың мүмкіндігі жете ме?

– Кәсіподақты жаңғыртудың жол картасы жасалды. Соған сәйкес жұмыстар кешенді түрде жүргізіліп келеді. Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. Оған кәсіподақ қана емес, әлеуметтік әріптестер де лайықты үлес қосып отыр. Кәсіподақ – жұмысшылардың мүддесі мен құқығын қорғайтын ұйым. Сондықтан негізгі мақсаты­мыз – жергілікті жердегі еңбек ұжымдарымен тікелей байланыста жұмыс істеу. Өйткені еңбек адам­дарының және кәсіподақ қозғалы­сының тыныс-тіршілігін олардан артық ешкім білмейді. Кәсіподақтар федерациясы мүшелерінің қатары 2 миллионға жетіп, еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйымға айналды. Федерация құра­мында 22 салалық кәсіподақ, 16 аумақтық кәсіподақтар бір­лестігі, 18 мыңнан астам бас­тауыш ұйым­дар бар. Өткен жылдың өзінде 470 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, 35 мыңнан астам адам кәсіподақ қатарына қосылды. Үкімет жанында заң жобалары жөніндегі ведомствоаралық комиссия бар. Соның құрамына Қазақстан Кәсіподақтар федера­циясының төрағасы былтыр бірінші рет енді. Парламенттегі және басқа да құзырлы орган­дардағы еңбек қатынастары мен әлеуметтік мәселелерге байла­нысты комиссиялардың жұмысы­на да кәсіподақ өкілдері белсенді араласа бастады. Кәсіподақ еңбек адамдарының мүддесін қорғауға белсене араласатынына қазір көптің көзі жетті. Олардың кәсіп­одаққа сенімі артты. Қатары­мыздың көбейіп жатқанының себебі де осы. Біздің мақсат – бастауыш ұйымдардың беделі мен абыройын көтеру арқылы жергілікті кәсіп­орындардағы жұмысшыларды осы ұйымның аясына шоғырландыру. Кәсіподақ олардың құқығы мен мүд­десін мүлтіксіз қорғайтын айбар­лы, керек десеңіз, азулы ұйым болуы қажет. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекші­лері жұмыс берушілермен терезесі тең дәре­жеде сөйлесіп, туындаған еңбек және әлеуметтік мәселелерді ушық­тырмай жергілікті жерде шеше алатындай білікті болуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, олар жан-жақты білімді, іскер болғанда ғана еңбек адамдары оның жанына топтасып, жұмыс берушілер де онымен санасатын болады. Жасыратыны жоқ, жергілікті жердегі жұмыс берушілер арасында кәсіподақ ұйымы болмағанын қалайтындар да бар. Өйткені кәсіп­одақ еңбек заңдарын бұзуға жол бермейтінін олар біледі. Бұл мәселеде біздің ұстанымымыз айқын: жұмыс беруші мен еңбек ұжымы, еңбек қатынастары бар жерде кәсіподақ ұйымы міндетті түрде болуы керек. Жергілікті жердегі жұмысты жандандырып, бастауыш ұйымдарды нығайту үшін биылғы жылды «Аумақтар жылы» деп жарияладық. Еңбек қатынастарына байланысты дау-дамай мен кикілжің адамдардың құқықтық білімінің таяздығынан болып жатады. Сондықтан біз құқықтық жаппай оқудың бірың­ғай жүйесін жасадық. Соған байланысты жұмыстар кең ауқым­да жүргізіліп отыр. 2018 жылдың мамыр айында «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірге жаңа жоба – «Кәсіподақ көшбас­шы­лары мектебін» аштық. Бұл – кәсіподақ мүшелеріне құқық, қаржы, медиация, ішкі және сыртқы коммуникация бойынша жан-жақты білім беретін Қазақ­стандағы кешенді жоба. Мектептің алғашқы 67 түлегі қазір бастауыш кәсіподақ ұйымдары жетекшіле­ріне айналды.

– Олардың ішінде жастар бар ма? Жалпы жастардың кәсіподақ қоз­ғалысына ықылас-пейілі қан­дай? – Елбасы биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялағаны белгілі. Біз кәсіподақ институтын ары қарай табысты жалғастыратын жастарға жол беруіміз керек. Өйткені Қазақстанда кәсіподақтың келешегі кемел. Жастардың кәсіп­одақты қазіргіден де жоғары дең­гейге жеткізетініне кәміл сенім­дімін. Бүгінгі күні республика бойын­ша кәсіподақ мүшелерінің 32 пайыздан астамы – жастар. Бар­лық аймақта Жастар кеңесі бар. Олар кәсіподақ қозғалысын одан ары дамыту жайын жан-жақты талқылап, жастарға қатысты идея­лар мен жобаларды ұсынып, кәсіп­одақ жұмысына белсенді қатысады. 2018 жылы жігерлі жастардың ұйытқы болуымен бірнеше іс-шара өткізілді. Соның ішінде қыркүйек айында Меркіде өткен Еңбек жастары форумының орны ерек­ше. Форумның негізгі мақсаты – еңбек мамандықтарын асқақтату, қарапайым еңбек адамдарының мәртебесін көтеру, еңбек жастары­ның әлеуметтік мәселелерін жақсарту. Оған 200-ден астам жас қатысты. Республиканың барлық аймақтары мен экономиканың түрлі салаларындағы белсенді жас кәсіподақ жетекшілері осылайша бірінші рет бас қосты. – Әңгіме барысында кәсіп­одақтың беделі жайлы қайта-қайта айтып қалдыңыз, кәсіподақтың Жарғысына өзгерістер енгізілуі ұйымның ашықтығы мен беделін арттыру, жұмысын ширату мақса­тын­да жасалған қадам ба сонда? – Әрине. Былтыр кәсіподақтың кезектен тыс ХХV съезі өтіп, жаңа Жарғы мен Тексеру комиссиясы туралы ереже қабылданды.Төраға енді бес жылға бір мәрте ғана сайланады. Оған белсенді жұмыс істеуге бес жыл толық жетеді. Бұл мерзім біткеннен кейін оның орнына жаңа толқын, жаңа басшы келуі керек. Бұл – ұрпақ сабақ­тастығы. Мүшелік жарнаның жұм­салуы да дау-дамай туғызатын мәселенің бірі еді. Енді қанша жарна жиналғаны, қандай мақсат­қа жұмсалғаны – бәрі айқын. Оны кәсіподақ ұйымдары өз басылым­дарында тұрақты түрде жариялап тұрады.

АДАМНАН АРТЫҚ БАЙЛЫҚ ЖОҚ

– Кәсіподақ жұмысының негізгі өзегінің бірі – еңбек адамын қорғау және оның қауіпсіздігі. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды?

– 2018 жыл «Еңбек қауіпсіздігі және қорғау жылы» деп жария­ла­нып, соған сай жоспарлы жүмыс­тар жүргізілді. «Қауіпсіз еңбек» аймақтық бағдарламасы қарасты­ры­лып, жүзеге аса бастады. Оған «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палаталары да, әкімдіктер де белсене қатысып отыр. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Қазақстан жұмыс берушілер конфедерациясымен бірге бизнес­тің әлеуметтік жауапкершілігін көтеру, еңбек қауіпсіздігін сақтау мен жақсартуға жұмысшылар мен жұртшылықты көбірек тарту мақсатында «Еңбек қорғау сала­сында профилактика мәдение­тін бірге көтереміз!» республикалық акциясы өткізілді.Осы акция ая­сында жұмыс берушілердің қауіп­сіз және жақсы еңбек жағдайын жасауға ынтасын арттыру және қоғамдық бақылау институтын дамыту үшін нақты іс-шаралар жасалды. Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың рөлін нығайту мақсатында «Нұр Отан» партиясымен бірге «Қазақ­стан Кәсіподақтар федерация­сындағы еңбек қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» республикалық конкурсы өткізіл­ді. Оның қорытындысына орай, еліміз бойынша 39 үздік техни­калық инспектордың еңбегі бағаланды. Қазір республика кәсіпорын­дарында еңбекті қорғау мен қауіп­сіздігі жөнінде 13 мың өндірістік кеңес бар. Оның 94 пайызы тікелей кәсіподақ ұйымдарының баста­масымен құрылды. Рас, Қазақ­стандағы ірі және орта кәсіп­орындардың барлығы бірдей өнді­рістік кеңес құруға асығар емес. Онда өндірістік кеңес бар жоғы – 1 233. Бұл барлық өндірістік кеңес­тердің 13 пайызы ғана. Халықаралық тәжірибе көрсе­тіп отырғанындай, еңбекті қорғау бойынша бірлескен жұмыс жүр­гізілсе, онда өндірістік жара­қаттар мүлдем аз болады. Кәсіподақтың белсенді жұмы­сының арқасында өткен жылы өндірістік жарақаттардың азай­ғанын байқау қиын емес. Өндірісте зардап шеккендер 2017 жылы 1678 болса, 2018 жылы 1568-ге азайды. Бұл – 6,6 пайыз. Ал мерт болған­дар 244-тен 216-ға қысқар­ды. Әрине, бұл көрсеткіш те көңіл көн­шітпейді. Өйткені қайтыс болған адам біреудің әкесі немесе анасы, ағасы болуы мүмкін. Адамның өмірі мен денсаулығынан артық ештеңе жоқ. Кәсіподақ қазір бұл мәселені қатаң қадағалауға алды. Өндірісте келеңсіз, ауыр жағдай­лар мүлдем орын алмауы тиіс. Жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін оның алдын алу қажет. Кәсіподақ осы үшін күресуі керек. Біздің бағыт – «нөлдік жарақат». Ол үшін осындай мақсатты көздейтін Vizion Zero халықаралық бағдарламасына қосылуға қадам жасап отырмыз. Жарақат оқиғаларын тіркемей, ашық түрде мәліметтер берілмей қалуы да орын алатын еді. Енді әрбір жазатайым оқиға міндетті түрде тіркеледі. Оған жол берген кінәлі адамдар мен себеп-салдары анықталып, зардап шеккен отба­сыларға көмек берілуі қада­ғаланады. Әрбір жағдай үшжақты комиссия отырысында қаралып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы ашық мәлімет беріле бастады.

– Жұмыс берушілер мен жұмыс­шылар арасында еңбек даулары мен кикілжіңдер болатынын күнделікті өмірде көріп жүрміз. Оны болдырмау үшін еңбек адамы нені ескеруі керек? Кәсіподақ осындай келең­сіздіктердің алдын алу үшін қандай қам-қарекет жасап отыр?

– Жұмыс беруші жұмысқа тұрған адаммен еңбек келісім­шартын міндетті түрде жасауы керек. Кәсіподақ ұйымдарының әлеуметтік әріптестермен бірге «Еңбек келісімшартын жаса!» республикалық акциясын баста­ғандағы мақсаты да осы болатын. Акция кезінде еліміз бойынша 10 мыңнан астам жұмыс беруші 37 мың жұмысшымен еңбек келісім­шартын жасады. Бұл жұмысшы­лардың құқығы мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етеді. Еңбек саласындағы әлеуметтік әріптестік – еліміздің ішкі тұрақ­ты­лығын қамтамасыз ететін механизм. Осы арқылы еңбек қатынастары жүйесін жақсартуға жол ашылады. 2018-2020 жылдарға арналған бас келісім, 20 салалық және 18 аумақтық келісімдер осы мақсатты көздейді. Әлеуметтік әріптестік шеңбе­рін­де жұмысшылардың еңбек құқы мен мүддесін тиімді қорғау­дың басты құралы – ұжымдық келісімшарт. Еңбек адамының жағдайы, әлеуметтік қорғалуы мен еңбек қауіпсіздігі – бәрі ұжымдық келісімшартта тайға таңба басқан­дай айқын жазылуы тиіс. Оны көрген еңбек адамы ертеңгі күніне алаңдамайды. Уақтылы еңбекақы алатынына, отбасын асырайты­нына, әлеуметтік қорғауға кепілдік болатынына көзі жетеді. 2017 жылы 77 750 ұжымдық келісімшарт жасалған еді. 2018 жылы 92 645-ге немесе 16,1 пайыз­ға артты. Бұл ретте «Алматы қаласының кәсіподақ орталығы» қоғамдық бірлестігі кешенді жұ­мыс жүргізіп отырғанын айта кетейін. Олар 2018 жылдың қара­ша-желтоқсан айларының өзінде ғана қаладағы 7 000-нан астам кәсіпорынмен ұжымдық келісім­шарт жасаған. Көрсеткіш 4,1 пайыз­дан 18,9 пайызға жетті. Ұжымдық және жеке дау-дамайлардың алдын алу мақса­тында 2018 жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Осы құжат арқылы аймақтардағы әлеуметтік жағдайларға мони­то­ринг жүргізуге, өзара жедел ақпа­рат алмасуға, еңбек дауы туын­дай­тын кәсіпорындарға барып, дау-дамайдың алдын алуға мүмкіндік бар. Мәселен, Қостанай облысын­дағы Тобыл жол стансасында, Маңғыстау облысындағы Oil Services Company компаниясында және басқа да мекемелерде еңбек даулары алғашқы сәтте-ақ бірлескен іс-қимыл жоспарының арқасында ойдағыдай шешімін тапты. Мұндай мысал көп. Еңбек заңдылықтарын сақтау, әлеуметтік-еңбек дауларын шешу, еңбек кикілжіңдерінің алдын алу бағытында 2018 жылы Кәсіп­одақтар федерациясы «Нұр Отан» партиясымен меморандумға қол қойған болатын. Соған байла­нысты жүзеге асқан ауқымды жұ­мыстың бірі – «Лайықты еңбек – мемлекет тұрақтылығының негізі» деген тақырыпта 2018 жылы жел­тоқсанда Павлодар облы­сындағы Ақсу ферроқорыту зауытында өткен форум. Осындай жүйелі жұмыстар нәтижесінде ұжымдық еңбек даулары 2017 жылмен салыстыр­ғанда 2018 жылы 2,5 есе азайды. Жалпы соңғы бес жылда еңбек кикілжіңдері 14 есе төмендеді.

– Елбасы алқалы жиындарда ең төменгі еңбекақы мөлшерін бір жарым есе көбейту, жұмысшы­лардың еңбекақысын уақтылы төлеу жөнінде тапсырма бергенін білесіз. Осы мәселені шешуге кәсіподақ қаншалықты атсалысып отыр? – Кәсіподақ ұйымдары табысы төмен жұмысшылардың еңбек­ақысын көтеру жөнінде мони­торинг жүргізетін респуб­ликалық және аумақтық штабтардың жұмысына белсене қатысады. Ұжымдық келісімшартта қарастырылған разрядаралық коэффициенттер мен тарифтік мөлшерлемеге өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс жалғасуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына төменгі еңбекақы мөлшеріне байланысты критерийлерді айқындау қажеттігі туралы мәселе қойылды. Ауыр, зиянды және қауіпті еңбекпен айналысатын жұмысшылардың еңбекақысына байланысты бірың­ғай жүйе қарастыру туралы да мәселе көтерілді. Өткен жылы еліміздегі 577 кәсіпорында еңбекақы қарызы 1,5 миллиард теңгені құрады. Осы үшін мемлекеттік еңбек инспек­ция­сы тарапынан жұмыс беруші­лерге 456 ескерту қағазы беріліп, 74 миллион теңгені құрайтын 344 айып салынды және жыл бойы 1 миллиард теңгеден астам ең­бекақы қарызын жұмыс берушілер өтеді. Осы арқылы 10 мыңнан астам адамның заңды құқы қор­ғалды. Еңбекақы қарыздарының 70 пайыздан астамы банкрот кәсіп­орындар мен ұйымдарға тиесілі. Сондықтан «Банкроттық және реабилитация туралы» заңға өзге­ріс­тер енгізіп, барлық міндетті төлемдерден бұрын бірінші кезекте жұмысшылардың еңбекақы қарызы төленуі керек деген байлам жасап отырмыз.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ҚАЛЫПТЫ

– Қазақстан кәсіподақ ұйым­дарының шетелдік әріптес­термен байланысы мен қарым-қатынасы қандай? Тәжірибе мен үйрену бағытында барыс-келіс бар шығар?

– Халықаралық ынтымақтас­тық – кәсіподақтың басым бағыттарының бірі. Кәсіподақ өкілдері 2018 жылы 32 халықара­лық іс-шараға қатысты. Кәсіп­одақтар федерациясы бір жыл ішінде халықаралық кәсіподақтар ұйымдарымен 10 кездесу өткізіп, Түркия мен Арменияның кәсіп­одақ бірлестіктерімен өзара ынтымақтастық түралы келісім­дерге қол қойылды. Биыл да халықаралық байла­ныс бойынша негізгі бағыт­тары­мызды айқындадық. Маңызды іс-шаралардың бірі – «Еңбек-әлеуметтік қарым-қатынасты реттеуде кәсіподақтардың рөлі: даму тәжірибесі мен келешегі. Шығыс пен Батыстың диалогы» деген тақырыпта өтетін халықара­лық конференция. Халықаралық Еңбек ұйымы­ның 100 жылдығына арналып осы жылдың наурыз айында Халықара­лық Еңбек қорымен бірге «Өнді­ріс­тік қарым-қатынас, еңбек және әлеуметтік қамтамасыз ету» тақы­рыбында халықаралық семинар өтеді. Оған Орталық Азия елдері­нен Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжік­стан, сондай-ақ Беларусь, Молдова, Моңғолия мен Түркия мемлекеттері кәсіподақтарының өкілдері қатысады. Біз Халықаралық еңбек ұйымы және халықаралық кәсіподақ ұйым­дарымен тығыз қарым-қаты­насты жалғастыра береміз. Орта­лық Азиядағы ұлттық кәсіподақ орталықтарымен екіжақты халық­а­ралық ынтымақтастықты қалып­тастыру мен дамытуға ерекше мән беріледі. Қазіргі таңда халықаралық жұмыстардың жаңа, сапалық деңгейіне көтерілу керек. Халық­аралық аренада бір-бірімізге қол­дау көрсететінімізге сенімді болға­ны­мыз жөн. Сонда ғана халық­а­ралық байланыс алға басады.

– «Кәсіподақтар: теория мен тәжірибе» деген тақырыпта отандық және шетелдік белгілі ғалымдар мен құқықтанушылардың қатысуымен бірінші рет ғылыми монография шығарған екенсіздер. Бұл да кәсіп­одақ қозғалысының халықа­ралық тәжірибесін кеңірек білуге мүмкіндік беретін шығар?

– Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихында Кәсіподақтар федера­циясы бастамасымен жарық көрген тұңғыш үлкен ғылыми монография. Онда әлемдегі 30 мемлекеттің кәсіподақ ұйымдары тәжірибесінің қамтылуы еңбектің маңыздылығын арттыра түсті. Кітапта Қазақстандағы кәсіп­одақ­тардың қызметі мен мәртебесіне зерттеу жүргізіліп, елдегі және әлемдегі кәсіподақ қозғалысының құқықтық негізі мен жағдайына талдау жасалды. Басылым автор­ларының Қазақстандағы әлеу­меттік әріптестік пен кәсіподақ институтын дамыту жөнінде де ұтымды ұсыныстары бар. Кітап Қазақстандағы кәсіподақ ұйым­дары мен оқу орындары үшін үлкен көмекші құрал болды. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Асқар АХМЕТ

https://aikyn.kz/2019/02/12/79644.html?fbclid=IwAR2Vpy3P16yV8F730dvRy53bvQoVLdgIGypJmmNP3uSAP-pFYmdBC5tsN8Q