Бүгін Жамбыл облысының Байзақ ауданында әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үшжақты комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің бастамасымен өткен бұл жиынға тек аудандық үшжақты комиссия мүшелері ғана емес, сонымен қатар аудандағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, ауыл округтерінің әкімдері және кәсіпорын мен ұйым басшылары, жалпы саны 100-ге тарта адам қатысты.
Жиынды ашқан Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы М.Төлепберген әлеуметтік әріптестік тараптарына қазіргі таңда еңбеккерлердің әлеуметтік-еңбек қатынастарындағы мәселелеріне баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Осы орайда, жақында өткен Үкімет отырысында ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Б.Әбдірайым Үкімет мүшелеріне әлеуметтік әріптестік бойынша үшжақты комиссиялар жұмысын жандандыруды және ұжымдық шарттар бойынша мәселені тұрақты түрде жүзеге асырылуын қарауға ұсыныс жасағанын және Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Маминнің «Үшжақты комиссиялардың жұмысында формализмге жол беруге болмайды» деген сөзін еске салды. Бұл бағытта бірлесе отырып жүйелі де сапалы, ең бастысы нәтижелі жұмыс атқару керек деп қорытындылады.
Аудандық үшжақты комиссияның төрағасы Д.Дәулетов комиссияның атқарған жұмыстары жайлы жиналған көпшілікке баяндап берді және алдағы уақытта аталмыш комиссияның жұмысын жандандыру мәселесі қолға алынатынын айтты. Осы жиында әрбір ауылдық округ бойынша шаруа қожалықтарының бірлескен бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру қажеттігі жайлы көпшіліктен ұсыныс түсті. Бұл құптарлық бастама бойынша нақты жұмыстар жүргізу қажет деп танылды.
Мұндай кеңейтілген отырыстар алдағы уақытта облыстың барлық аудандарында жүргізілетін болады.