КЕЗЕКТЕН ТЫС САЙЛАУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

«Шымкент қаласы және Түркістан облысының кәсіподақтар орталығы» аймақтық кәсіподақтар бірлестігі Үйлестіру Кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізіп, онда Қазақстандағы кезектен тыс сайлау мәселесі талқыланды. Үйлестіру Кеңесіне салалық және жергілікті кәсіподақтар бірлестіктерінің төрағалары, ірі бастауыш кәсіподақ ұйымдары және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

Жиында сөз сөйлеген Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бекжанов Берік Айдарбекұлы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына маңызды үндеу жасағандығын атап өтіп, ең бастысы Конституцияға сай шешім екендігін, тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтап қалудағы айқындық қажет екендігін, сонымен қатар ішкі және сыртқы сасаттағы сабақтастықты сақтай отырып, Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды табысты іске асыру үшін қажетті қадам деп есептейтіндігін жеткізді.

Айта кету керек, Үйлестіру Кеңесінің қатысушылары елімізде кезектен тыс сайлау өткізуді бірауыздан қолдайтындығын және алдағы сайлауға жауапкершілікпен қарайтындығын жеткізді. Сонымен қатар, барлық салалық кәсіподақ ұйымдары және «Келешек» жастар кеңесі аймақтағы ірі кәсіпорындарында, жоғарғы және орта оқу орындарында еңбек ұжымдары мен жастарға кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша Кесте түзіп, осы кестеге сәйкес жұмыстар атқару жайлы Шешім қабылдады.