Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Аманкелді Сатыбалдыұлы Таспиховтың САЙЛАУАЛДЫ ТҰҒЫРНАМАСЫ

Кәсіптік одақтар еңбекшілердің мүддесі мен құқын қорғайтын маңызды қоғамдық институт болып табылады.

Кәсіподақ өз қызметінде барлық деңгейдегі мемлекеттік органдарға, саяси партияларға, жұмыс берушілер мен олардың бірлестіктеріне және басқа да қоғамдық ұйымдарға тәуелді емес.

Біздің сайлауға қатысудағы мақсатымыз – жұмысшылардың, демек олардың отбасылары мен туған-туысқандарының, жақын-жұрағаттарының мүддесін қорғау.

Сондықтан еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым болғандықтан Қазақстан Президенттігіне үміткер ретінде өз кандидатымызды ұсынып отырмыз.

Біздің кандидат

ЖОСЫҚСЫЗ ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕРДІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІН АРТТЫРУҒА күш салады.

Халықаралық еңбек қатынастары стандартына негізделген принцип бойынша әлеуметтік үш әріптес – мемлекет, жұмыс беруші және жұмысшының жауапкершілігі бірдей.

Бірақ біздің елімізде мемлекеттік еңбек инспекторлары жыл сайын жұмыс берушілер тарапынан өздерінің жұмысшыларына қатысты 10 мыңға дейін еңбек заңдылығы бұзғанын анықтайды.

Қазақстандағы жұмыс берушілердің өз жұмысшылары алдындағы еңбекақы қарызы 2 миллиард теңгені құрайды.

Жұмыс берушілердің кінәсінен жыл сайын 1,5 мыңнан астам жұмысшы еңбек жарақатын алады, 200-ден астам адам жұмыс орнында қайтыс болады.

Біз қарапайым жұмысшылардың конституциялық еңбек құқын аяқасты еткен жауапсыз жұмыс берушілердің әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігін қатайтуды қалаймыз.

Тоқсаныншы жылдары кейбір жекелеген жұмыс берушілер еліміздің табиғи байлығы мен ресурстарын иемденіп, жеңіл жолмен байып, Қазақстаннан қашып кетті.

Олар қарапайым жұмысшылардың адал еңбегі мен қыруар бюджет қаржысын иемдену есебінен миллиардер болды деп есептейміз. Бұл капитал қайтарылып, еліміздің экономикасын көтеруге, жаңа жұмыс орындарын ашуға жұмыс істеуі үшін бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз.

Біздің кандидат

ҚАУІПСІЗ ЕҢБЕК ЖАҒДАЙЫН жасауға күш салады.

Еңбек адамдарына лайықты еңбекақы төленумен бірге олар үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау да өте маңызды.

Өйткені, жұмыс істейтін адамның өмірі мен денсаулығынан артық ештеңе жоқ.

Мемлекет пен жұмыс беруші жұмысшы өзінің отбасына күн сайын аман-сау оралуы үшін оның жұмыс орнында қауіпсіз еңбек жағдайын жасауы керек.

Қазір Қазақстандағы әрбір жетінші жұмысшы өндіріс орындарында тәуекелге барып, қауіпті және зиянды жағдайда жұмыс істеп отыр.

Олардың төрттен бірі – әйелдер.

Жыл сайын өндірісте 200-ден астам жұмысшы қайтыс болады.

Жұмыс берушілер жазатайым оқиғаларды жасыруға тырысады. Өндірісте өліммен аяқталған жағдайлардың 70 пайызына жұмыс берушілер кінәлі. Жұмыс орнындағы кез-келген өндірістік жарақатқа жұмыс беруші жауапты болуы тиіс.

Біз заң аясында барлық кәсіпорындарда еңбекті қорғауды басқару жүйесін ендіреміз.

Біз өндірісте еңбекті қорғау жүйесін табысты жүргізіп, ешқандай өндірістік жарақатқа жол бермеген жұмыс берушілерге салық, инфрақұрылым шығындары (тасымалдау, энергетикалық ресурстармен қамтамасыз ету және т.б.) бойынша жеңілдіктер жасауға қолдау көрсетуді қолдаймыз.

Біз «нөлдік» жарақат тұжырымдамасын жүзеге асыру үшін озық елдердің іс-тәжірибелерін қолдану арқылы арнайы «Қауіпсіз еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жасаймыз.

Біз қауіпсіз еңбек шарттарын қамтамасыз етпейтін жосықсыз жұмыс берушілердің әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігін күшейтуге шақырамыз!

Біздің кандидат

ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ ЕҢБЕК ҚҰҚЫН ҚАМТАМАСЫЗ етеді.

Еңбек заңдылығы жұмысшылардың конституциялық және еңбек құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.

Соңғы бес жылда елімізде болған барлық ереуілдерді (40-тан астам) сот органдары жұмысшылар талаптарын жеткізу процедураларын сақтамады деген себеппен заңсыз деп таныды. Ал шындығына келгенде, бұл өте күрделі. Оны орындаудың өзі мүмкін емес.

Еңбек кодексінде қарастырылған татуласу комиссиясы мен еңбек арбитражы арқылы ұжымдық сөйлесу жүргізу мүмкін болмағандықтан жұмысшылар өздігінен ереуілге шығуға мәжбүр болады.

Біз еліміз бен қоғамда, еңбек ұжымдарында әлеуметтік тұрақтылық болғанын қалаймыз.

Еңбек даулары мен кикілжіңдерінің алдын алудың және жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы тиімді еңбек қатынастарын қалыптастырудың басты құралы – ұжымдық келісім-шарт болып табылады.

Ұжымдық келісім-шартта жұмысшыларға әлеуметтік қолдау көрсету, еңбекақы жүйесін ынталандыру, еңбек жағдайын жақсарту бойынша қосымша іс-шараларды қарастыруға болады.

Қазір елімізде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың тек 41 пайызында ғана ұжымдық келісім-шарт жасалған. Кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындардың 98 пайызында ұжымдық келісім-шарт бар.

Кәсіподақ бар жерде – ұжымдық келісім-шарт бар. Бұл жұмысшылардың құқы қорғалды деген сөз.

Біз меншік түріне қарамастан барлық кәсіпорындар мен ұйымдарда міндетті түрде заң аясында ұжымдық келісім-шарт жасалуына қол жеткіземіз.

Біз Еңбек кодексін ұжымдық татуласу процедуларының шеңберін кеңейтіп, жұмысшылар талаптарын жеңіл жеткізуге мүмкіндік беретіндей етіп өзгертуге құлықтымыз.

Біз ереуілді емес, жұмысшылардың мәселелерін шешуді қолдаймыз.

Біздің кандидат

ЛАЙЫҚТЫ ЕҢБЕКАҚЫ ТӨЛЕНУІНЕ күш салады.

Кез келген еңбек адамы өзінің еңбегіне лайықты ақы төленгенін қалайды. Өйткені осы арқылы тұрғындардың өмір сүру деңгейі мен қоғамдағы жалпы әлеуметтік тұрақтылықты анықтауға болады.

Еліміздегі орташа еңбекақы (176 мың теңге) туралы ресми статистика біздің жұмыс істейтін азаматтардың кірістеріне байланысты нақты жағдайды көрсете алмайды.

Бүгінгі таңда еліміздегі ең жоғары еңбекақы (орташа еңбекақыдан екі есе көп) кен өндірісі саласы мен қаржы секторында болып отыр. Бірақ бұл екі сала елдегі еңбек адамдарының бар-жоғы 8 пайызы ғана.

Басшылар мен топ-менеджерлерге қарағанда қарапайым жұмысшылардың да кірісі өте төмен. Айырмашылық жер мен көктей.

Біздің кандидат

ЕҢБЕК МИГРАЦИЯСЫН РЕТТЕУДІ қолдайды.

Сыртқы миграция. Қазақстан бүгінде миграциялық лек қабылдайтын елдердің қатарында.

Жыл сайын Қазақстанға 50 мыңнан астам шетелдік білікті маман, 400 мыңнан астам біліктілігі төмен жұмыс күші тартылады.

Ресми статистикаға қарағанда, Қазақстандағы жұмыссыздар 400 мыңның үстінде. Ал шындығына келгенде, елімізде жұмыспен қамтылмай отырғандар қатары 1 миллион адамнан асады.

Біз жұмыспен қамту қызметтерінің жұмысын жақсартуды және еңбек нарығында тепе-теңдікті қамтамасыз етуді жөн көреміз.

Біз еліміздегі жаңа жұмыс орындарына бірінші кезекте қазақстандық мамандардың орналасуын жөн көреміз.

Сонымен бірге шетелдік білікті маманды тартқан жұмыс беруші оның біздің елдегі мерзімі біткенге дейін орнына қазақстандық маманды даярлауы керек.

Біз білім жүйесін еңбек нарығындағы сұранысқа орай бағыттауды ұсынамыз. Бұл отандық мамандарды даярлап, шетелден мамандар тарту мәселесін тоқтату үшін қажет.

Ішкі миграция. Республикада ішкі миграцияны реттеуде де олқылық бар. Әсіресе, ауылдан қалаға келген тұрғындардың, оның ішінде жастар көп, миграциясы тоқтар емес.

Ішкі миграция легінің басты себебі – жақсы өмір мен жұмыс іздеу.

Тұрғындардың аймақтық орналасуына байланысты да тепе-теңдік сақталмай отыр. Ғылыми зерттеуге қарағанда, қазіргі миграциялық тенденция сақталса, 2030 жылға қарай Алматы қаласын қоса есептегенде оңтүстік облыстарда ел тұрғындарының жартысынан астамы тұратын болады.

Мемлекет ішкі көші-қоңды ерікті ынталандырудың жүйесін енгізуі қажет. Азаматтарға басқа орынға қоныс аударғанда тұрғын үй алып, жұмысқа орналасуға, балаларын мектепке дейінгі және мектеп мекемелерімен қамтамасыз етуге кепілдік болуы тиіс. Сонда ғана ел тұрғындары ерікті түрде қоныс аударуға ынталы болады.

Біз ауылдық елді мекендерде жеңілдетілген тұрғын үй несиесі бойынша тұрғын үй құрылысын жүргізу жөніндегі бағдарламаны енгізуді қолдаймыз.

Біз ауылда жұмыс орындарын ашқан жұмыс берушілерді мемлекет тарапынан салық және басқа да жеңілдіктер бойынша ынталандыруымыз керек.

Біз мемлекет есебінен ауылдық елді мекендерді қажет етіп отырған мамандықтар мен кәсіптер бойынша қамтамасыз ету үшін тұрғындарды оқыту мен дағдыландыру жүйесін жасау қажет деп санаймыз.

Қазақстандықтардың ауылдық елді мекендерде де жайлы өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуына қол жеткізетін боламыз.

Жұмыс істейтін шақ!

Время работать!