Меркі ауданының мәдениет үйінде ҚР Президенттігіне кандидат А. Таспиховтың Жамбыл облысы бойынша қоғамдық штабының төрағасы және сенімді өкілдері Жамбыл облысы, Меркі ауданының жұртшылық өкілдерімен кездесу өткізді.
Жиынға 170-тен астам сайлаушы, әртүрлі мамандық иелері, жұртшылық өкілдері қатысты.
Әуелі А. Таспиховты қолдау штабтарының сайлауалды роликтері үлкен экраннан көрсетіліп, үгіт-насихат материалдары таратылды.
Кездесуде А. Таспиховтың Жамбыл облыстық қоғамдық штабының жетекшісі, сенімді өкілі М. Төлепберген кандидаттың өмірбаянымен және сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды.
Тұрғырнамада көрсетілген ұжымдық шарт жасасудың маңыздылығы, еңбек адамының мүддесін қорғау мен еңбек қауіпсіздігі және лайықты жалақы төлену мәселелері бойынша пікір алысылды. Жалпы кәсіподақтың Қазақстан қоғамындағы алатын рөлі мен оның қызметін еңбек адамының мәртебесіне сай болу жолындағы жаңа ізденістері, көшбасшылық қадамдары да сөз болды. Кәсіподақтың күші – бірлікте, деді көпшілік.
Кездесуде Меркі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Қамбарбек Иманалиев пен аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Құралбаев сөз сөйлеп, кандидаттың тұғырнамасында көрсетілген мәселелерге қолдау білдірді.