Штаб мүшелері сайлаушылармен ашық аспан астында кездесті

15 мамырда үгіт насихат тобы екінші «Швейцария» аталатын табиғаты тамылжыған Түлкібас ауданында болды.

Құт мекеннің Социалистік Еңбек Ері Мәнтай Жарымбетовтің атымен аталатын ауылдағы Гүлхан Жарымбетованың шаруа қожалығында сайлаушылармен кездесті. Ауданның бренді саналатын алма бағында ауылшаруашылығы еңбеккерлері мен білім, мәдениет, кітапхана қызметкерлерінен құралған 150 адамның басын қосты.

Арнайы сөз алған кандидат А. Таспиховтың Түркістан облысы, Шымкент қаласы бойынша қоғамдық штабының басшысы Берік Бекжанов алда келе жатқан саяси доданың мемлекет тарихындағы маңыздылығына тоқталды. Жиналған көпшілікті сайлауда белсенділік танытып, дауыс беру құқын тиімді пайдалануға шақырды.

Штаб басшысы Берік Айдарбекұлы үміткердің сайлауалды тұғырнамасын егжей-тегжейлі түсіндіріп, азаматтардың сауалдарына жауап берді. Сайлауалды шараға салалық кәсіподақ басшылары Бастарбек Пірімбетов, Барлыбай Қуандықов, Гүлдар Есебаева, Тимур Жүнісовтер де атсалысты. Жасыл желекке оранған бау-бақшада өткен шарадан тұрғындар да насихат тобы да әдемі әсер алып, маңызды шараны белсенді атқарды.

Сондай-ақ жиында сөз алған білім саласының қызметкерлері Ержан Махашев пен Гаухар Меңдібаева кәсіподақ атынан аса мәртебелі лауазымға ұсынылып отырған кандидатқа тілеулестік білдіріп, еліміздің Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктері мен Қазақстанның жарқын келешегі туралы ой-пікірін екшеді. Кездесуге келген көпшілік Қазақстан кәсіподақ ұйымының болашақтағы жоспарлармен танысып, жаңа мүмкіндіктерге қанықты.

Емін-еркін, ашық-жарқын жағдайда өткен шарада жиналғандар өз ойларын ортаға салып, штаб мүшелерінен көңілдерін күпті еткен сауалдарға жауап алып тарқасты.