Сайлау қарсаңында белсенді топ үгіт-насихат жұмыстарын қыздыра түсті. Күні бүгін кандидат А.Таспиховтың Түркістан облысы, Шымкент қаласы бойынша қоғамдық штаб басшысы Берік Бекжанов бастаған топ білім және ғылым кәсіподағы қоғамдық бірлестігі көшбасшыларымен кездесті. Кілең білім саласы қызметкерлерінен құралған жиында 120 адам бас қосты.
Штаб басшысы Берік Бекжанов үміткердің сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, алда келе жатқан Президент сайлауының ел өміріндегі маңыздылығын екшеп берді. Сондықтан да қатысушыларды саяси додаға атүсті қарамай, белсенділік танытуға шақырды. Дауыс беру құқын тиімді пайдаланып, ең жоғары лауазымға үміткер іріктеуде жаппай атсалысуға шақырды.
Мұғалімдер қауымы қашан да еңбек құндылықтарын қадірлейді. Ал елдің дамуында елеулі рөл атқаратын еңбек адамының құқы, мүддесі кандидат А. Таспиховтың сайлауалды бағдарламасында толық тиянақталған. Сол себепті мазмұнды бағдарламаға орай ұстаздар да үн қатты. Білім саласы өкілдері ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Тұрақты кәсіпорын-тұрақты қоғам – тұрақты ел» ұранымен жұмыс істеудің және еңбеккерлерге қызмет етудің міндетін жоғары бағалады.