“БІЗ БАҚЫТТЫ ЖАНҰЯ” ОТБАСЫЛЫҚ САЙЫСЫ ӨТТІ

​ 20 мамырда ​ білім және ғылым қызметкерлері Қызылорда қалалық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен Халықаралық отбасы күні мен 1 маусым- Балаларды қорғау күніне арналған «Біз бақытты жанұя» отбасылық спорттық сайысы өтті. №264 мектеп-лицей базасында өткізілген сайысқа білім беру ұйымдарынан 8 команда қатысты.

Сайысты ҚР Президенттігіне кандидат Аманкелді Таспиховтың Қызылорда облысы бойынша өңірлік штаб мүшесі, білім қызметкерлерінің қалалық кәсіподақ комитетінің төрайымы Орынша Әлімбетова ашып, мерекелерге орай отбасы мен бала тәрбиесі құндылықтарын атап өтті. Жарысқа қатысушыларға ҚР Президенттігіне кәсіподақтар ұсынған кандидат Аманкелді Таспиховтың сайлауалды тұғырнамасымен таныстырып, алдағы болатын сайлауда белсенділік танытып, сайлауда кәсіподақтар кандидатына дауыс беруге шақырды.

Кандидаттың тұғырнамасында орын алған жұмысшылардың еңбек құқын қамтамасыз ету, еңбек заңнамаларында жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру, қауіпсіз еңбек жағдайын жасау мәселелері әрбір кәсіподақ мүшелері жұмыскерлер үшін маңызды екендігі түсіндірілді.

Отбасылық сайыс “Ұшқырлар”, “Диқаншылар”,” Бұқа тартыс”, “Аламан” сынды төрт кезеңнен тұрды. Сайыс қорытындысы бойынша 1-орынды №1 мектеп-гимназия командасы,​ 2-орынды №8 орта мектеп командасы, 3-орынды №264 мектеп-лицей командасы иеленді. Барлық сайысқа қатысушылар білім қызметкерлерінің қалалық кәсіподақ комитетінің Алғыс хаттары, бағалы сыйлықтарымен марапатталды.