Сайлаушылармен кездесу көне қала Түркістан шаһарында жалғасын тапты.
Бүгін облыс орталығындағы индустриалды аймақта жұмысшылармен кездескен белсенді топ сайлауалды шарасын ауқымды түрде ұйымдастырды.
Кездесуге «Grand Mix» жиһаз орталығы, «Түркістан су» мемлекеттік» кәсіпорны, «Жарық құрылыс», «Ныш-Ер», «Строй-сервис-ХХІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің қызметкерлері қатысты. Ұзын саны 150-ге жуық жұмысшымен өткен басқосуда А. Таспиховтың Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша қоғамдық штабының басшысы Берік Бекжанов сайлаудың маңыздылығына жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ үміткердің сайлау алды тұғырнамасы мен өмірбаянын, еңбек жолын жиналған қауымға кеңінен түсіндірді. Сайлауда дауыс беру барша азаматтың міндеті екенін тағы бір еске салған штаб басшысы үміткер Таспиховтың еңбек адамының қауіпсіздігі мен құқын, мүмкіндіктерін екшеген ұстанымдарын жіті талдап берді. Сондай ақ Берік Бекжанов еңбек адамының жалақысы, әлеуметтік қолдау мәселелері жөніндегі кадидаттың ой-пікірлерін де ортаға салды.
Аталған жиһаз орталығының басшысы Камалжан Юлдашов жиналған азаматтарға алдымен алдағы сайлау науқанында атқарылған жұмыстарын таныстырып өтті. Таспихов штабының мүшесі Абдурайра Манахов сайлауға, сондай-ақ мемлекет пен қоғам арасына алтын көпір орнатқан кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыруға бей-жай қарамай, сайлауда бір кісідей белсенді қатысуға шақырды. Кандидатқа қолдау көрсете келген көпшілік саяси додадан тыс қалмай дауыс беру құқын тиімді пайдаланатындарын жеткізді.