Бүгін А.Таспиховтың Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша аймақтық штабы халқы көп шоғырланған Келес ауданын бетке алды.
Штаб басшысы Берік Бекжанов бастаған белсенді топ Бесқұбыр ауылындағы «Мәдениет үйінде» жергілікті тұрғындармен кездесті. 80 адам бас қосқан алқалы кездесуде штаб басшысы жұртшылыққа алда келе жатқан сайлаудың маңыздылығын түсіндіріп, саяси додада лайықты үміткер іріктеуге атсалысуға шақырды.
Сондай-ақ Берік Бекжанов кандидат А.Таспиховтың тұғырнамасын таныстырып шықты. Тұғырнамаға сүйенген Берік Айдарбекұлы «еңбек адамдарына лайықты еңбекақы төленумен бірге олар үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын да жасау өте маңызды шарт болып табылады, өйткені, адамның өмірі мен денсаулығынан артық ештеңе жоқ» дей келе көпшілікке кандидат ұсыныстарын жеткізді. Өндірісте еңбекті қорғау жүйесін табысты жүргізіп, ешқандай өндірістік жарақатқа жол бермеген жұмыс берушілерге салық жеңілдіктері мен преференция жасау; – «нөлдік» жарақат тұжырымдамасын жүзеге асыру үшін озық елдердің іс-тәжірибелерін қолдану арқылы арнайы «Қауіпсіз еңбек» мемлекеттік бағдарламасын дайындау жолдарын түсіндірді.
Сондай-ақ кәсіподақ ұйымдарының еңбеккерлердің мүддесі мен құқығын қорғайтын маңызды қоғамдық институт екенін айта келе тұрғындарды ұйымның және оның жанынан ашылған татуластыру орталығының қарқынды жұмысымен де таныстырып өтті.
Басқосуда арнайы сөз алған Қошқарата ауылдық округі әкімдігінің іс басқарушысы Бекдуалы Қолдаев белсенді топқа алығысын айтып, кәсіподақ құрамына кірудің артықшылықтарын айтып, еліміздегі еңбеккерлердің мүддесі мен құқығын қорғайтын маңызды қоғамдық институттың алдағы бастамаларына сәттілік тіледі.
Үміткер тұғырнамасы мен кәсіподақ қызметіне қаныққан келестіктер штаб басшыларына сауалдарын да жолдауға мүмкіндік алды. Зейнеткер Бауыржан Досанов зейнеткерлер құқына қатысты көңілін күпті еткен сауалдарын қойды. Штаб басшысы Берік Бекжанов сайлаушылар тарапынан түскен сауалдарға жіті жауап беріп, айтылған ұсыныстардың ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховқа да жеткізілетінін айтып, тарасты.