Еңбек адамының құқығын қорғау – басты назарда

Еліміздегі ең үлкен қоғамдық ұйым – Кәсіподақтар федерациясы ұсынған кандидат Аманкелді Таспиховтың Атыраудағы аймақтық сайлауалды штабының жетекшісі, облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ізтұрған Баймұқанов ауданға келіп, ғасырдан астам тарихы бар Абай атындағы жалпы орта мектептің ұжымымен кездесті. Білім қызметкерлері кәсіподақтары Құрманғазы аудандық комитетінің төрағасы Әуез Ізжанов кандидаттың сенімді өкілін таныстырып, сөз кезегін ұсынды. Ізтұрған Баймұқанов үміткердің тұғырнамасындағы көтерілген мәселелерді баяндап, еңбек адамдарының құқығы мен мүдделері, ұжымдық шарт мәселесі, еңбек заңнамаларына жеке-жеке тоқталып, бүгінде олардың қоғамдағы өзектілігін сөз етті.

Еліміздің ең жоғары лауазымына кандидат Аманкелді Таспихов жосықсыз жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруға, қауіпсіз ортаны қалыптастыруға, жұмысшылардың еңбек құқын қамтамасыз етуге, лайықты жалақының төленуіне, еңбек миграциясын реттеуге күш салғалы отыр.

Платформаның негізгі бағыттарын талқылаған педагогикалық ұжым өз пікірлерін ортаға салды. Кездесуді қорытындылаған А.Таспиховтың сенімді өкілдері кәсіподақ мүшелерін сайлауда белсенділік танытуға, кандидатты қолдауға шақырды. Мұндай басқосу одан әрі Манаев, Гагарин атындағы жалпы орта мектептерде жалғасын тапты.