“Ақтөбе” облыстық қоғамдық-саяси газеті, “Кәсіподақ мақсаты — еңбекшілер мүддесін қорғау”

Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Аманкелді Таспиховтың сенімді өкілдері облыс орталығында жұртшылықпен кездесу өткізді. Бұл шара «Жұбановтар әлемі» орталығында ұйымдастырылған мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен орайластырылды.

Жиынға үміткердің республикалық сайлауалды штабының жетекшісі, ҚР Кәсіподақ федерациясы төрағасының орынбасары Сатыбалды Дәулеталин, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Светлана Иманқұлова, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ кәсіподақ комитетінің төрағасы Нұрлыбек Жұмаш қатысты.

Олар жиналғандарды Аманкелді Таспиховтың сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды.

Президенттікке үміткер қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, сол өңірдегі аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы қызметін атқарады. Әр жылдарда ҚР Инвестиция және даму министрлігінің Стандарттау және өнеркәсіп комитеттерінің төрағасы болған және бизнес-компанияларда басшылық қызмет атқарған.

Үміткердің тұғырнамасындағы басты мәселелер — жосықсыз жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру, қауіпсіз еңбек жағдайын жасау, жұмысшылардың еңбек құқығын қамтамасыз ету, еңбек миграциясын реттеу.

«Сайлауға қатысудағы басты мақсатымыз — еңбеккерлердің мүдделерін қорғау» делінген тұғырнамада. Сенімді өкілдер кәсіподақ ұйымдарының еңбекшілердің мүддесі мен құқығын қорғайтын маңызды қоғамдық институт болып табылатынын атап көрсетті.

Н.ӘБДІЛДАҰЛЫ