Шымкентте сайлау қарсаңында дебат турнирі ұйымдастырылды

Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат А. Таспиховтың Түркістан облысы, Шымкент қаласы бойынша аймақтық қоғамдық штабының “Келешек” жастар кеңесі сайлауалды шараларға белсенді атсалысуда. Бүгін аймақтық штабта жас буынның бас болуымен дебат турнирі өтті.

Ұйымдастырушылар жарыссөзге сайлау тақырыбын арқау еткен. Шараға Шымкенттегі жоғары оқу орындарының студенттерінен құралған командалар қатысты. “Сайлау – азаматтық борыш” деген атаумен өткен шарада ел болашағына бей-жай қарай алмайтын жастар сайлаудың маңыздылығына жан-жақты тоқталды. Азаматтардың еліміздегі ең жоғары лауазымға кандидат іріктеуде белсенділігін арттыру үшін барын салды.

Саяси доданың артықшылықтарын талдап берген қыз-жігіттер азаматтарды сайлауда өз таңдау құқын тиімді пайдалануға шақырды. Айта кетейік, дебат турнирін ұйымдастырудағы мақсат – жастар арасында сайлауға деген көзқарасты қалыптастырып, тағдыршешті кезеңнің маңыздылығын ұғындыру. Шара соңында «Үздік төреші», «Үздік спикер», номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталды. Жарыссөзде өз дәйектемелері мен тұжырымдарын тұшымды жеткізе білген қатысушылар да жеңіс төрінен көрінді.