СЕНІМДІ УӘКІЛДЕР МҰНАЙШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Аманкелді Таспиховтың сенімді уәкілдері Ізтұрған Баймұханов пен Қылышбай Сүндетұлы «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымымен кездесті.

Тоқсан бес жылдан астам тарихы бар отандық кәсіпорында бүгінгі таңда бес мыңнан астам еңбек етеді. 2015 жылдан бері мұнда қазақстандық мамандарды дайындау мақсатында екі жаңа жоба: дуалдық оқу мен шәкіртақы төлеу бағдарламасы іске қосылды. 2017-2021 жылдарға арналған ұжымдық шарт негізінде компания өз қызметкерлерін ұдайы әлеуметтік қамқорлыққа алған. Мұнайшылар мен олардың отбасы мүшелері акционерлік қоғамның есебінен медициналық сақтандырумен қамтылған.

Еңбек жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп, жұмыс орындарында қауіпсіздікті жан-жақты қамтамасыз етуге бағытталған жаңа техникалық шешімдер енгізілуде. Осы мақсатқа жыл сайын 500 млн.теңге қаржы бөлінеді. Қызметкерлердің біліктілігін арттыруға баса назар аударылып, 2014 жылдан бері кәсіпорында еңбекті бағалаудың жаңа жүйесі қолданылып, төлем көлемі көбейген.

Осыларды әңгімесіне арқау еткен «Атырау облысы кәсіподақтар орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ізтұрған Ұзақбайұлы кездесуге қатысушыларды Кәсіподақтар Федерациясы атынан Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Аманкелді Тасриховтың  өмірбаянымен және сайлауалды Тұғырнамасымен таныстырып өтті.

1959 жылы Батыс Қазақстан облысының Қошанкөл ауылында кіндік қаны тамған Аманкелді Сатыбалдыұлы  отбасындағы тоғыз перзенттің үлкені. Мектеп қабырғасында жүргенінде техника мен нақты ғылымдарға қызығушылы байқалған шәкірт Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған республикалық физика-математика мектебіне оқуға түседі. Оны бітіргесін Қазақ политехникалық институтының машина жасау факультетіне қабылданып, білімін жалғастырды.

1982 жылы Алматы ауыр машина жасау зауытында инженер-технолог болып бастаған ол осында жұмыс жасаған он жылдан астам уақыттың ішінде  кәсіпорынның өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосты. 1998 жылы ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына сайланды. Бұл кезеңде елдің алдында тұрған көптеген әлеуметтік маңызды мәселелердің оң шешімін табуына күш-жігерін жұмсады. Ал, 2004 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланған Аманкелді Сатыбалдыұлы халық қалаулысы ретінде сайлаушылар сенімінен шығып, еңбекақы мен еңбек қауіпсіздігі, мемлекет қаражатының мақсатты әрі тиімді игерілуі, т.б.мәселелерді тұрақты көтеріп, қойылған депутаттық сауалдарға нақты істерімен жауап беруге жұмыстанды.

Соңынан Индустрия және сауда министрлігінің стандарттау, метрология және сертификаттау комитетінің төрағасы, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің өндірістік комитет төрағасы лауазымдарында абыройлы да жемісті қызмет атқарып, еліміздің өндірістік секторының табысты дамуына белсенді атсалысты. Осы қызметтердің бәрінде Аманкелді Таспихов еңбек адамдарының мүддесін, олардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерінің дер мезгілінде шешілуін, алаңсыз жұмыс жасауына қолайды жағдай туғызылуын, заңды құқықтарының қорғалуын алғы кезекке қойып отыратын. Содан да шығар, оның соңғы жылдардағы қызметі кәсіподақтармен байланысты, нақтырақ айтқанда осы саладағы жауапты жұмыстармен жалғасып келеді.

–Міне, осындай өмір жолын өткерген азамат Қазақстан Республикасы Президенттігіне лайықты үміткерлердің бірі деп есептеймін. Сол себепті де алдағы сайлауда республика Кәсіподақтар Федерация атынан тұңғыш рет ұсынылып, кандидат ретінде тіркеліп отырған Аманкелді Сатыбалдыұлына дауыс беруге шақырамын, – деді  Ізтұрған Баймұханов.

Одан әрі, Президенттікке кандидаттың сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарына тоқталды. Алдымен, жалпы кәсіподақтардың Президент сайлауына қатысу себептері түсіндірілді. Келесі кезекте, жауапсыз жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру, лайықты еңбекақымен қамтамасыз ету, қауіпсіз еңбек жағдайын жасау, жұмысшыларды еңбек құқықтарын қорғау, еліміздегі еңбек миграциясын заңдық тұрғыда реттеу, сапалы және тегін білім беру мәселелерінің оңтайлы шешілуіне қол жеткізу көзделіп отырғанын алға тартты.

Әріптесінің айтқандарын Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Аманкелді Таспиховтың сенімді уәкілі, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақтары облыстық кеңесінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы қостап, кездесуге қатысушы ұжым мүшелерін сайлауда азаматтық белсенділік көрсетуге шақырды.