Қызылордада 27 мамырда Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Аманкелді Сатыбалдыұлы Таспиховтың Қызылорда аймақтық штабы ұйымдастыруымен кандидатты қолдауға арналған бірқатар шаралары өтті. Сыр өңіріндегі кәсіподақтардың өз кандидаттарын қолдау шараларына кандидаттың Республикалық штаб мүшелері келіп қатысты. Шаралар бастауын Рәміздер алаңынан алды. Әртүрлі сала қызметкерлері жиналған Рәміздер алаңында кандидат Аманкелді Таспиховтың Республикалық сайлауалды штабының тең-жетекшісі Даулеталин Сатыбалды Телағысұлы жиналғандарға кәсіподақтардың Президент сайлауына кандидат ұсынудағы мақсатын түсіндірді, кәсіподақтар қозғалысының құндылықтарын ту еткен кандидат тұғырнамасымен таныстырды. Қызылордалық денсаулық сақтау саласының ардагері, Еңбек ардагері, кандидаттың сенімді өкілі Дәулет Әбдіреұлы, облыстық білім және ғылым саласы қызметкерлері кәсіподағының Жастар кеңесі төрайымы Жанар Сағындықова Сыр ардагерлері мен кәсіподақ белсенділерінің, кәсіподақ жастарының кандидатты қолдайтындықтарын айтып, мінбеден сөз сөйледі.
Кәсіподақтармен еңбек адамының ізгіліктері, әлеуметтік жағдайы, болашақ ұрпақтың алаңсыз өсуі, қажетті білім алуы, жұмыссыздықты жою, еңбеккердің лайықты еңбегі үшін лайықты ақы алуы, қауіпсіз жұмыс орынында жұмыс жасауы сияқты негізгі қағидаттар кандидаттың тұғырнамасы өзегімен насихатталуда.
Отансүйгіштік рухқа тұнған Рәміздер алаңында Сыр кәсіподақтары ел әнұранына түзеліп, көк туды желбіретті, кәсіподақтар маршымен Кәсіподақтар бірлігін ұлықтады.