27 мамыр күні БҚО Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары, кандидаттың сенімді өкілі Б.Атауов үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында Жаңақала ауданының ауылдарына іс-сапарға шықты.
Іс-сапар Жаңақала ауданының Қызылоба ауылдық округінің жұртшылығымен кездесуден басталды, кездесуге ауыл ақсақалдары, еңбек ардагерлері, кәсіподақ мүшелері қатысты. Кездесу барысында сенімді өкіл ауыл халқына ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспихов туралы айтып, оның еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғауға, лайықты еңбекке лайықты еңбекақы төлеуге, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға бағытталған сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды.
Кездесуге қатысқан ардагерлердің бірі М.Исламгалиев кандидаттың білетіні туралы айтып, өз еліміздің азаматы Президенттікке кандидат болғанына, еңбек адамының атынан ұсынылғанына қуанышын да жасырмады. Сонымен қатар, округта сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастырумен айналысқан белсенділерге кандидаттың атынан алғыс хат табысталды.