КӘСІПОДАҚ – ИГІ ІСТЕРДІҢ БАСТАМАШЫСЫ!

2019 жылдың 28 маусым күні Түркістан облысы “Манкент шипажайы” акционерлік қоғамында ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары С. Т. Даулеталин шипажай жұмыскерлерімен кездесті.

Кездесу барысында С. Т. Даулеталин Кәсіподақтар федерациясында жасалып жатқан іс-шаралармен, алға қойған мақсаттарымен таныстырды. Сонымен қатар кездесу барысында шипажай жұмыскерлерінің хал-ахуалы талқыланды. Қазіргі таңда шипажайда 230 жұмыскер 600 адамға қызмет көрсетуде.

Жұмыскерлердің ең төменгі айлық еңбекақысы 59 300 теңгені құрайды. Шипажайда көпбалалы 11 ана қызмет атқарады. Кездесу барысында С. Т. Даулеталин кәсіподақтар Федерациясы атынан төменгі еңбекақы алатын жұмыскерлердің еңбекақыларын көтеру, көпбалалы аналарға жәрдемақы төлеу, жұмыскерлердің отбасында дүниеге келген сәбиге жәрдемақы беру мәселелерінің қарастырылуын және осы бастамаларды ұжымдық шартқа енгізуді ұсынды. Шипажайдың бас директоры Х. А. Курбанов мырза өз тарапынан жұмыскерлердің төменгі еңбекақысын 15 пайызға көтеруді, көпбалалы аналарға жылына 2 айлық есеп көрсеткіші мөлшерінде жәрдемақы төленетінін және жұмыскердің отбасындағы жаңа туылған сәбиге 1 айлық еңбек ақы мөлшерінде жәрдемақы төленіп, осы аталған мәселелер ұжымдық шартқа енгізуді қолдады. Осындай игі істер, жұмыскерлерінің әлеуметтік жағдайын көтеру әр жұмыс беруші азаматтардың негізгі ұстанымына айналу керек деп білеміз.