Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы мен оның орынбасары, сонымен қатар салалық кәсіподақтар төрағаларының қатысуымен «Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауы аясында кәсіподақтарды жаңғырту» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.
Осы жылғы Жолдауда Қазақстанның Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне табысты әлеуметтік бейімделуі үшін жаңа міндеттер анықталған. Жаңғыру кезеңінде осы міндеттерді сәтті жүзеге асыру үшін кәсіподақтар уақыт сынына сәйкес жаңа даму бағытын анықтауы қажет. Яғни, кәсіподақтар әлеуметтік-еңбек қатынастары мен әлеуметтік серіктестік мәселелерін көтеруге және шешуге қабілетті қуатты және жасампаз қоғамдық институт болуы тиіс.
Баспасөз мәслихаты барысында ҚРКФ Төрағасы Бақытжан Әбдірайым кәсіподақтардың қазіргі қызметі мен Мемлекет басшысы Жолдауын жүзеге асыру барысындағы болашақ жоспарлар туралы айтты.
Сондай-ақ, спикерлер заманауи дамудың басты тренді әлеуметтік-еңбек қатынастарын өзектендіру екендігін атап өтті. Осы себепті, кәсіподақтар жұмыс орындарының сақталуы, еңбекті тиімді қорғау, еңбекақыны уақытылы төлеу, өндірістік жарақаттанушылықтың алдын-алу мәселелерін жедел түрде шешуі тиіс.
Бүгінде еңбек нарығын тұрақтандыру мақсатында Қазақстан кәсіподақтары жұмыс берушілермен тығыз жұмыс атқарады. Мәселен, жұмыс орындарын сақтау жөнінде 115 134 меморандум бекітілді, бұл құжаттар республикамыздағы 2,8 миллион еңбеккерді қамтиды.
Кәсіподақтармен жүзеге асырылып жатқан шаралар Мемлекет басшысы Жолдауында жаңғыру негізі ретінде және де жалпы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды факторы ретінде көрсетілген адам капиталының сапасын арттыруға мүмкіндік туғызады.
«Жаһандық технологиялық, экономикалық және әлеуметтік өзгерістер дәуірінде кәсіподақтар жаңа мақсаттар мен міндеттерге сәйкес өзіндік жаңғыру бағытын анықтауы қажет. Осыған байланысты, ҚРКФ орташа мерзімді кезеңге кәсіподақтардың стратегиясы мен жұмыс жоспарын анықтайтын жаңғырудың «Жол картасын» әзірлеуде», – деп атап өтті Б.Әбдірайым.