ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың сенімді өкілі, облыстық құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласы облыстық кәсіподағы төрағасы Серік Мырзаханов «Өркен-Сырдария» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, үгіт-насихат жұмыстарын жасады.
Кандидаттың сенімді өкілі Серік Мырзаханов жұмыскерлерді кәсіподақтардан ұсынылған кандидаттың өмірбаянымен таныстырып, тұғырнамасындағы еңбек мәселелерін баяндады. Кездесуде әңгімеге арқау болған кәсіподақтар мәселелері кандидаттың тұғырнамасы тезистерінде толықтай орын алғандығы алға тартылды, жұмыскерлер өз пікірлерімен бөлісті.
Сырдария ауданы Тереңөзек кентінде орналасқан «Өркен-Сырдария» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Тереңөзек кенті мен 13 елді мекенді ауыз сумен қамтып отыр. Мекемеде 150 жұмыскер жұмыс жасайды. Кәсіпорында кәсіподақ ұйымы мен мекеме басшылығы бірлесе жасасқан Ұжымдық шарт арқылы ұжымның еңбек, әлеуметтік мәселелерін шешуде тұрақтылық пен ортақтастық орнаған. Ауысыммен жұмыс жасайтын жұмысшылардың қазіргі таңда айлық жалақылары өсіп, тиісті жағдайларда материалдық көмек қарастырылатын болған. Жұмыскерлердің тегін тамақтануы мәселесі шешілген, жұмыс орынында арнайы асхана жұмыс жасайды,жұмыскерлер қызметтік киімдер мен қауіпсіздік құралдарымен қамтылған.
Кездесу қорытындылауында еңбек ұжымы кандидаттың тұғырнамасы өзегі болып айқындалған кәсіподақтардың «Тұрақты кәсіпорын – Тұрақты қоғам – Тұрақты ел» бұлжымас қағидасын қолдайтындықтарын, кәсіподақтар кандидаты Аманкелді Таспиховқа сайлауда сенім білдіретіндіктерін жеткізді.