Кәсіподақтар еңбек адамының жалақысын арттырды

Бұл еңбек қуанышы «Меркі» шипажайында ҚР Президенттігіне кандидат А. Таспиховтың републикалық қоғамдық штабының өкілдерімен болған кездесуде айтылды.

Кездесуді Жамбыл облыстық аймақтық штабының жетекшісі М. Төлепберген ашып, Қазақстан кәсіподақтарының қоғамдық–саяси өмірдегі алар орнын айта келе, ҚР Кәсіподақтар федерациясы ұсынған А. Таспиховтың қоғамдық штабының жұмысы жайлы қысқаша айтып берді.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Нұрымбетов өз сөзінде кандидат А. Таспиховтың өмірбаяны мен сайлауалды тұғырнамасының әлеуметтік-қоғамдық айрықша мәнін түсіндірді.

Иә, кандидат А. Таспихов еңбек адамдарының жалақысын түзеу, яғни, лайықты еңбекақы беру мәселесін көтерген болатын. Бұл өте орынды бастаманы кәсіподақтар қызу қолдап кетті. Соның бір ғана айғағы осы кездесуде көрініс тапты. Жиында шипажай қызметкерлерінің жалақысы алдағы 1 маусымнан бастап 15 пайызға дейін көтеруге шешім қабылданғаны жария етілді.

Шипажай директоры А. Сүлейменов өз сөзінде табыс пен тұрмыс сапасын жақсарту әрдайым әрі тұрақты назарда болатынын, кәсіподақтардың ауызбіршілік және қамқорлық қасиетіне разы көңілін де жеткізді.