ШЫМКЕНТТЕ ФОРУМ ӨТТІ ДҮРКІРЕП…

“Жастар. Кәсіподақ. Сайлау”. Бүгін осындай атаумен Шымкентте жастар форумы өтті. ҚР Президенттігіне кандидат А. Таспиховтың Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша аймақтық штабының ұйымдастыруымен өткен шараға 400 адам қатысты.

Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филормония залы халыққа лық толы болды. Аясы ауқымды шараға кәсіподақ ардагерлері, салалық кәсіподақ басшылары, мемлекеттік қызмет, медицина, білім, мәдениет салаларының өкілдері мен «Келешек» жастар кеңесінің мүшелері қатысты.

Кандидатты қолдау мақсатында ұйымдастырылған шарада А. Таспиховтың Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша аймақтық штабының басшысы, үміткердің сенімді өкілі Берік Бекжанов арнайы сөз сөйлеп, шара тақырыбына ой-пікірімен бөлісті. Алдымен көпшілікке алда келе жатқан сайлаудың маңыздылығын түсіндіріп, саяси додада ең жоғары лауазымға лайықты үміткер таңдауға атсалысуға шақырды.

«Биліктің қайнар көзі – халық. Сайлау – демократиялық қоғамның бірден-бір үрдісі», – дей келе Берік Айдарбекұлы бұл жолғы сайлаудың жөні ерек екенін тілге тиек етті. Және өз тарихында тұңғыш рет Президенттікке кандидат ұсынып отырған кәсіподақ қозғалысының маңызы мен мәніне кеңінен тоқталды. Көпшілікті еліміздегі ең ірі ұйым кәсіподақтың болашақтағы мүмкіндіктерімен таныстырды.

Төртінші өнеркәсіптік революцияға бет бұрған кезеңдегі адами капиталдың, еңбек адамының рөлін екшеп берген штаб басшысы кандидат А.Таспиховтың сайлауалды бағдарламасында көрсетілген жұмыскердің мәртебесін қолдау мақсатындағы ұстанымдарын жеткізді. Берік Бекжанов еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, еңбек дауларының алдын алу, жазатайым оқиғаларды болдырмау, жалақысы төмен жұмысшылардың жалақысын көтеру, ұжымдық шарт жасасу сынды қоғамда маңызға ие мәселелерге қатысты үміткер ұстанымдарын тарата айтып берді.

Бүгінде маңыздылығы артып отырған осы мәселелерді шешуде кәсіподақ қозағылысының рөлі мен қызметін талдап көрсеткен Берік Айдарбекұлы еліміздегі ең абыройлы да ықпалды ұйымның жұмыскер мәртебесін көтеруде атқарып жатқан өлшеусіз еңбектерін саралап шықты. Салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының төрайымы Лариса Тұрғынбаева мен Қазақстанның Еңбек Ері, №1 орта мектептің кәсіподақ төрайымы Алина Соловьева мен М.Әуезов атындағы атындағы ОҚМУ студенттер кәсіподағының төрағасы Жандос Қорғанбаевтар елімізде халықтың 30 пайызын құрап отырған жастардың рөлі мен қызметін ерекше атап көрсетті.

Кейінгі буынның еліміздегі саяси ақуалдан тысқары қалмай, түрлі деңгейдегі саяси додада белсенді болуға шақырды. Кәсіподақ құрамына кіріп, ондағы қыз-қыз қайнап жатқан өмірге етене араласуға шақырды. Аймақтық штабтың бас болуымен ойдағыдай өткен шараға жергілікті өнерпаздар да атсалысты. Өнерпаздар әуезді әнді әуелете орындап, мың бұралған бишілер көрерменнің қөңілін аулады. Шара соңында жастар патриоттық әндерге флешмоб ұйымдастырып, залға жиналған көрерменнің делебесін қоздырды. Кәсіподақ ұраны орындалып, форумға арнайы келген көпшіліктің рухын бір серпілтіп тастады. Шара соңынан белсенді жастар резолюция – қарар қабылдады. Форум ЕҢБЕК,ҚҰҚЫҚ,БІРЛІК! КӘСІПОДАҚ ЖҮРЕГІ! ҚОҒАМ, ЖІГЕР, ШЫНДЫҚ – ҚАЗАҚСТАН ТІРЕГІ!
ұранымен қорытындыланды.

Айта кетейік, аймақтық штабтың ұйымдастырылуымен өткен бұл шара барысы Шымкент аумақтық кәсіподақтар бірлесітігінің ФЕЙСБУК әлеуметтік желі парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.