ШАРДАРА АУДАНДЫҚ ШТАБЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІ ЕҢБЕК ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Сайлау күні таяған сайын Түркістан облысындағы аудандық штабтардың да үгіт-насихат шаралары қыза түсті. ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховты қолдау мақсатында құрылған Шардара аудандық штабының мүшелері сайлауалды шараларға белсене атсалысуда.

Бүгін белсенді топ шағалалы өңірдегі Көксу ауылында орналасқан «Қарлығаш» бөбекжай балабақшасының қызметкерлерімен кездесті. 50 адам қатысқан шарада Шардара аудандық филиалының төрайымы, үміткердің сенімді өкілі Бақытгүл Биманова алда келе жатқан президент сайлауының маңыздылығын түсіндіріп, көпшілікті саяси додаға атсалысуға шақырды.

Сондай-ақ ҚР президенттігіне кандидат А.Таспиховтың өмір жолын баяндап, ел үшін жасаған қамқорлығын жеткізді. Үміткердің сайлауалды тұғырмасын түсіндіріп, ондағы ұстанымдардың күні бүгінде маңыздылығы артып отырғанын тілге тиек етті. Кандидаттың еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, еңбек дауларының алдын алу, жазатайым оқиғаларды болдырмау, жалақысы төмен жұмысшылардың жалақысын көтеру, ұжымдық шарт жасасу сынды қоғамда маңызға ие мәселелерге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Кездесуге келгендер штаб мүшелеріне сұрақ қойып, тұшымды жауап алды.