САЙЛАУАЛДЫ ШАРА АҚСУКЕНТТЕ ӨТТІ

Бүгін кезекті үгіт-насихат шарасы Ақсукент елді-мекенінде жалғасты.

Сенімді өкілдер өңірдің жол құрылысында белсене жұмыс атқарып жатқан «Оңтүстік жолдары» ЖШС-де болып, еңбек ұжымымен кездесті. Белсенді топ жиында алдағы сайлаудың маңыздылығын түсіндірді. Сайлаушы құқын тиімді пайдаланып, ел болашағы үшін шешім қабылданар маңызды тұста белсенді болуға шақырды.

ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың сенімді өкілдері нағыз қара жұмыстың бел ортасында жүрген жұмысшыларға еңбеккер құқы мен мүддесін көздеп, мәртебесін көтеретін еліміздегі ең ықпалды ұйым-кәсіподақтың қызметі туралы кеңінен баяндады. Кандидаттың Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша аймақтық қоғамдық штабы басшысының орынбасары, сенімді өкіл Серік Әуесханов жұмыскерлерге үміткердің сайлауалды тұғырнамасын таныстырды. Серік Елемесұлы онда қаралған азаматтарға лайықты жалақы төлену, еңбек миграциясы, еңбек шарты мен ұжымдық шарт бойынша мәселелерін таратып айтып берді. Сондай-ақ ауыр жұмыста аянбай тер төгетін жол құрылысы саласы қызметкерлеріне жұмыскер жақтаушысы кәсіподақтың атқарған жұмыстары мен болашақтағы жоспарлары мен мүмкіндіктері туралы кеңінен баяндады. Еңбек ұжымынан түскен сауалдарға жауап беріп, ортаға салынған ұсыныстардың кандидат назарына жететінін айтып, тарасты.